Өмірбаян

  Көрнекті ақын Дулат Бабатайұлы 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысында дүниеге келген. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. Дулат шығармалары негізінен дидактикалық негізде жазылған. 1880 жылы Қазанда жарық керген «Өсиетнама» деген жинағына ақынның замана туралы толғаулары енген.

Орта жүз құрамындағы Найман тайпасынан шыққан. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген.

Дулат Бабатайұлының тікелей өзінің өмірбаянын немесе өмірінің белгілі бір кезеңін сипаттайтын туындылары аз. Әйтсе де жыраудың мінезі, ой-өрісі мен ақындық мұраты жайында шығармаларына сүйеніп, сенімді тұжырымдар жасауға болады.


  Дулат "Айтқызбасымды айтқыздың" өлеңінде:


  Менің атым - Байғыз қарт,
  Көзге түсер сиқым жоқ,
  Орынсыз күлер күлкім жоқ,
  Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.
  Көзге қораш бойым бар,
  Теңізден терең ойым бар,
  Шынардан биік санам бар,
  Атан өгіз ағызған
  Ақылдан алпыс салам бар.
  Қорған құрыш сөзім бар,
  Бұлттан өтіп, мұнарды
  Болжайтұғын көзім бар...
  Қайратымнан атым зор
  Белгілі атым өлемге.
  Қорашсынсаң денемді,
  Кеудем - ақыл сарайы,
  Кірем десең, кел, міне,- дейді.

Бұл - ақынның автопортреті. Мұндағы "көзге түсер сиқы жоқ", ел тағдырын ойлап, сирек күліл, аз ұйықтайтын, атағы алыстарды шарлаған кемеңгер, ақылы дария, сөзі алтыннан ауыр Байғыз қарт - ақынның өзі.

Шынында да, ол өз заманының "байғыз қарты" атанған дана, "Көнелерден сұрасам, сөзін жинап, құрасам",-деп өзі айтқандай, ел тарихы, өмір сырынан жинаған білім, білігі де ұшан-теңіз кісі болған, ақындық атағы да қатты шыққан. Бұған жыраудың басқа өлең, толғауларынан да дәлел боларлық мысалдар табылады.
  Өксігіңді ойласам,
  Ұйқы беріп, қайғы алам,
  Ел құлағы саңырау,
  Кімге айтамын сөзімді?
  Дулат сынды сорлыда
  Ұйқы, тыныштық бола ма?

Әр тақырыптағы өлеңдерінен алынған бұл үзінділерден де "Байғыз қарт" - Дулаттың ерекше сипаттары көрініп тұрған жоқ па?!

Дулат өте шыншыл, турашыл, айтарын кімнен болса да тайсалмай бетке айтатын батыл ақын болған.

Әйгілі Барақ төреге көптің алдында: "жегенге тоқ, ішсең мас, өз елін жаудай талаған" деп бетіне басуға нағыз жүрек жұтқан ер болу керек шығар.

Жалғыз Барақ төре емес, Кеңесбай, Сүлеймен сияқты сұлтандар мен Ешен сияқты өзін әулие көрсетіп, бірақ дін жолын теріс жүргізетін молдаға, т.б. айтқандарында жаңағылардан асырмаса, кем түсірмейді.

Дулат жасынан ақындық жолын қуып, талмай ізденген. Ақындықты тәңірдің сыйы, елдің жан сырын, мұң-шерін толғайтын даналық өнер деп түсінген. Оның аузына бұрын-соңды ешкім айтпаған:

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам,-деген сөздің түсуі де содан.

Дулаттың өмір сүрген уақыты қазақ халқы үшін ең қиын заман болды. Сондықтан ол шаттық өлең емес, "зар заман" жырын тудырды. Оның жөнін ұлы жыраудың өзінен артық ешкім де айтып бере алмайды. Дулат өзінің "Ақындық туралы" тамаша толғауында "Сары алтынның буындай, тұманың тұнық суындай... сорғалаған нөсердей" жырын:


  Қайырсыз, сараң байыңды,
  Еріншек, есек жарыңды,
  Халыққа емес сыйымды,
  Парақор баспақ биіңді,
  Ел бүлдіргіш бегіңді
  Улы тілмен улаттым.
  Сана беріп ойына,
  Қуат беріп бойына,
  Аққан жасы сел болған,
  Етегі толып көл болған,
  Беріш боп шері байланған,
  Ұйқы беріп, қайғы алған,
  Қайғылыны уаттым...-

деп сипаттайды. Дулат сол дәуірдегі өзінің ақындық мұратын - ел бүлдірушіні "ұлы тілмен улату", "қайғылы қалың елін уату" деп, әбден анықтап алған. Кемеңгер жыраудың бүкіл шығармашылығы осы екі арнаның тоғысуынан тұрады.

Жырау шынайы ақындықты өнердің асыл, биік түрі деп білді. Сондықтан, өлеңнің, ең алдымен, өнер туындысы ретіндегі қасиеттеріне ерекше мән береді. "Сүлейменге" деген арнау өлеңінде:

Сөз-жібек жіп, жыр-кесте,

Айшығы айқын көрінбес,

Өрнексіз тігіп, баттаса, - деп, ал "Ақындар туралы" толғауында:


  Шашудай болып шашылар
  Меруерттей асыл сөз деген.
  Жыршылардың шайыры
  Асыл сөзді езбеген.
  Нысананы дәл басып,

Қалаған жерден көздеген,-деп, шынайы өнер туындысы саналатын өлең мен оның шығарушысына қоятын талаптарын тың метафоралармен әдемі кестелеп жеткізген.

Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде таралған. Кейбір өлеңдері Қазан қаласынан 1880 жылы алғаш рет “Өсиетнама” деген атпен жеке кітап болып жарық көрген. Жинаққа ақынның сол кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлаған ой-толғаныстары енген. Ақынның кейбір өлеңдері кеңес дәуірінде әр түрлі хрестоматияларда “XVІІІ- XІX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары” (Қазақ КСР Ғылым Академиясының баспасы, А.,1962) деген жинақта, кейін “Үш ғасыр жырлайды” (Революцияға дейінгі қазақ ақындарының шығармалары. А., 1965) жинағында басылып шықты. Ал, “Еспембет” поэмасы алғаш рет 1957 жылы “Жұлдыз” журналының 5-нөмірінде жарияланды. Дулат шығармаларын барынша зерттеп, жинап баспаға әзірлеген Қ.Өмірәлиев болды. Ақынның жеке жыр жинағы “Замана сазы” деген атпен 1991 жылы жарық көрді. Дулаттың өлең-жырларының басты сарыны - 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету. Ақын “Тегімді менің сұрасаң”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа”, “Асқар таудың сәні жоқ”, т.б. жырлары мен жеке кісілерге айтқан “Сүлейменге”, “Бараққа”, “Кеңесбайға”, т.б. арнау өлеңдерінде қазақ жерінің отарлануын, ел билеушілердің отаршыл саясаттың шылауында кетуін “Сауыр жерден айрылып, Қазақ елі жұқарды..., Орыстың көрсе ұлығын, Қыздан дағы қылықты..., Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады”,-деп, кекті де отты жыр жолдарына айналдырған. Дулаттың ақындық өнері, негізінен, 19 ғасырдың алғашқы жартысында қалыптасты. Осы кезеңнің өмір шындығы Дулат шығармаларына арқау боп өрілді. Қазақ даласындағы дәстүрлі хандық басқару жүйесін жою саясатын орнықтырған Ресей империясының 1822-1824 жылдары шығарған Қазақ даласын басқару жөніндегі ережелеріне қарсылық Дулат шығармаларының тақырыптық, стильдік, жанрлық ерекшелігін айқындады. Дулаттың уытты, шыншыл сөздерінің кімдерге арналғанын оның: “Халыққа емес сыйымды, Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді, Улы тілмен улаттым”,-деген өлең жолдары көрсетіп тұр. Туған халқының екі жақты езгіге түсіп, көз жасының көл боп ағуы, қайғысы мен мұңы ақынның жан сыры ретінде жыр болып төгілді. Дулаттың образ жасау, өлең өрнегін жетілдіру, замана сазына қарай ақындық өнерде жанрлық, стильдік, сонылық таныту ерекшелігі кейін Абай шығармаларында дамытылып, жалғастық тапқан. Дулат ендірген қазақ өлеңі құрылысындағы жаңалықты, яғни “а а а б” түріндегі желілі ұйқасты Абай ақындық дәстүр ретінде қабылдап, “Келдік талай жерге енді” өлеңінде одан әрі дамытты. 19 ғасырдың 1-жартысында ертеректе туған батырлық және лиро-эпос жырлары сияқты фольклорлық туындылар немесе тарихи жырлар болмаса, қазақ топырағында көне тақырыпты алып, ойдан сюжет құрып, поэма жанры үлгісінде шығарма жазу дәстүрге енбеген еді. Дулат өзінің “елге қорған ер туса” деген идеясын халыққа жеткізу үшін, қазақ-қалмақ соғысы тұсындағы сюжетті алып, “Еспембет” поэмасын жазған. “Еспембет” жанрлық ерекшелігі жағынан батырлық эпосқа жақын. Елдік, елдің батыр ұлдары туралы идея “Еспембеттей ер қайда?, Ер күтетін ел қайда”,- деп басталатын ірі туындыда айқын көрініс тапқан. Дулаттың бұдан басқа “Шаштараз”, “Тымсал өлең” атты ірі шығармалары бар. М.Әуезов Дулатты ғылыми зерттеулерінде, “Абай” романында жоғары бағалайды. 1947 жылғы ҚКП ОК-нің әдебиет, өнер жөніндегі қаулысындағы Дулатты діншіл, хандық дәуірді, ескілікті аңсаушы кертартпа ақын деген теріс бағадан кейін, 1959 жылы өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми конференцияның ұсыныстарында Дулат жөнінде “... творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын”,- деген саяси қорытынды берілді. Сол себепті “Абай” романында өз атымен берілген Дулат “Абай жолында” Барлас атанып кете берді. Әйтсе де, Дулат шығармалары хрестоматиялық оқулықтарда, кейбір жинақтарда жарияланып келді. Дулат мұрасы қазақ әдебиеті тарихында әр қилы таным тұрғысынан бағаланып, 1940-1950 жылдары қызу пікірталас нысанына айналды. Дулат мұрасы жөніндегі ғылыми таным мен дұрыс баға талантты ғалым Қ.Өмірәлиевтің “Қазақ поэзиясының жанры мен стилі” деп аталатын көлемді ғылыми монографиясының басылым көруіне байланысты тұрақтана бастады.

Библиография

1. Дулат Бабатайұлы / «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә.Нысанбаев. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, - 2001. – Б.294-295
2. bankreferatov.kz/.../947-dulat-babatay-uli.html

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz