Сын-зерттеулер


Бердібаев Р. Замана сазы: Зерттеулер мен мақалалар.- Алматы: Жазушы,1985.-320 б.

Сыншы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаевтың «Замана сазы» атты жинағына оның соңғы жылдарда жазған мақалалары мен зерттеулері еніп отыр. Кітаптың алғашқы бөлімінде қазақ совет әдебиетінің кейінгі ширек ғасыр ішіндегі өсу жолдары, идеялық-көркемдік жетістіктері, тенденциялары мен заңдылықтары талданады; әсіресе қазақ романының осы тұстағы тақырыптық, проблемалық, жанрлық мәселелері, замандас тұлғасын жасаудағы жаңа ізденістері жүйелі сөз болады. Екінші бөлімде көрнекті қаламгеріміздің шеберлік сырлары, творчестволық лабораториясы, даралық қолтаңбасы баяндалады. Автордың Дулат ақын туралы толғаныстарын кітаптың бірінші бөлімінен көреміз. (163-169беттер)







Дәдебаев Ж. Таңдамалы шығармалар. Екі томдық. 1-том.-Алматы: «Өнер» баспасы, 2008.-352б.

Көрнекті әдебиеттанушы, профессор Жанғара Дәдебаевтың екі томдық шығармаларының бірінші томына Шығыстан шыққан ұлы ұстаздар мен ғұламалардың шығармашылық өмір жолдары, қазақ сөз өнерінің ілкі өрнектері, билер мен шешендердің өнерпаздық келбеті, ақындар мен жыраулар өнері, елбасылар мен қолбасылар бейнесі туралы шығармалары енген. Томда топтастырылған туындылар пәнаралық мазмұнымен ерекшеленеді. Дулат Бабатайұлының әдеби мұрасы, ақындық шеберлігі, жыраулық өнердегі жүйріктігі жайында «Ойы тұнық, сөзі асыл» атты мақаласынан біле аласыздар. (176-181 беттер)









Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 4-том.-Алматы: ҚАЗақпарат, -2005.- 438 б.

«Қазақ әдебиеті тарихының» 4-томында ХІХ ғасырдвң бірінші жартысындағы әдеби үрдістерге талдау жасалды. Көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы тұңғыш рет ғылыми деректермен негізделіп, тарихи шындық тұрғысынан сараланды. Шал Құлекеұлы, Махамбет Өтемісұлынан бастап, бірқатар көрнекті тұлғалардың туындылары арнайы талданды. Сонымен бірге тәуелсіздік алғанға дейін әдебиет тарихындағы орны жете сараланбай келген К.Райымбекұлы, Д.Бабатайұлы, Ш.Қанайұлы сынды бірнеше ірі ақындардың шығармашылығына назар аударылды. Томға библиографиялық материалдар сұрыпталып ұсынылды.









Негимов С. Әдебиет әлемі.-Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2008.- 256 б.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Серік Негимовтың мерейтойлық кітабында ұлт руханияты тарихындағы Бұхар жырау, Дулат, Махамбет, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Әріп, Сарышолақ, Таңжарық, Мағжан, Ғали, Қалижан, Сарбай сынды көрнекті тұлғалардың мұрасы, көркемдік әлемі, суреткерлік шеберлігі зерделенеді. Сонымен бірге ұлттық прозамен қазіргі қазақ лирикасындағы айтулы туындылар талданады. Кітап сөз өнерін құрметтеушілерге арналады.Жоғары оқу орындары ұстаздары, студенттер мен шәкірттер де көмекші құрал ретінде пайдалана алады. Дулат Бабатайұлы толғаныстарын кітаптың 28-36 беттерінен оқи аласыздар.









Негимов С. Шығармалары. Т.1 Зерттеулер.- Астана: Фолиант, 2015.-424 б.

Зерттеуде қазақ өлеңінің методикалық-интонациялық құрылысы, дыбыстық жүйесі, ырғақтық кестесі, ұйқас табиғаты, ұлттық ауызша поэзиядағы бейнелі сөздер жүйесі, жыраулар тілінің образдық-метафоралық, лексикалық-фразеологиялық қабаттары, фольклорлық стилистика, ұлттық рухани дүниетанымның ерекшеліктері, сөз-ұғымдардың, сөз-образдардың, сөз-символдардың поэзиялық қолданысы, мәні мен мағынасы, әдеби-эстетикалық һәм көркемдік заңдылықтары, поэзия мен жаратылыс байланыстары, сөз бен образдың этнографиялық, тарихи негіздері, көркемдік дәстүр мен эстетикалық ойлау табиғаты сараланып талданады. Сондай-ақ қазақ сал-серілерінің өнерпаздық болмысы жан-жақты зерделенеді. Дулат Бабатайұлының поэзиясының көркемдігінің ерекшеліктерін осы кітаптың 286-296 беттерінен оқып, таныса аласыздар.









Сүйіншалиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. Жоғары оқу орындарының филология факультеттері студенттеріне арналған: Оқулық.-Алматы: Ана тілі, 1992.-360 б.

ХІХ ғасыр әдебиетіне арналған бұл оқулықта есімдері ел аузында жазулы хаттай сақталған әдебиетіміздің бір топ алыптарының шығармашылық мұраларының қалыптасып, даму жолдары, өзіндік ерекшеліктері қарастырылады. Атап айтқанда, Дулат, Махамбет, Шернияз, Шөже, т.б. ақындық өнер саңлақтарынан басталып, соңы Шоқан, ыбырай, абаймен бітетін тұтас бір ғасыр әдебиетінің болмыс-бітімі, көркемдік бейнелеудегі қайталанбас өзгешеліктері сөз болады. Дулат Бабатайұлының өсиеттері мен толғаулары жайлы кітаптың 6-30 беттерінен оқи аласыздар.









Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері (Ерте дәуірден ХІХ ғасырдың аяғына дейін). Ред.басқарған Ә.Х.Марғұлан. – Алматы: «Қазақстан», 1967. – 338 б.

Филология ғылымының кандидаты Ханғали Сүйіншәлиевтың оқушыларымызға ұсынып отырған «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» атты бұл кітабы оның көп уақыттан бергі зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Оқушы бұл кітаптан қазақ әдебиетінің ә деп қалыптаса бастаған кезінен бастап, оның түп төркіні, арғы-бергі тарихы, жазба әдебиеті, көркем сөз өнерінің өсу жолы, бағыты, өзіндік түр, әдіс дәстүрлері жайында біраз мағлұматтар алады. Қазақ әдебиетінің тарихында көрнекті орын алатын ірі ақын Дулат Бабатайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтерді кітаптың 163-178 беттерінен таныса аласыздар.








Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz