Дулат – сықақшыл жырау

Ұлы Абай негізін салған жаңа әдебиетке дейін Махамбет, Шернияз, Сүйінбай сияқты өжет ақындар қазақ сатирасын бір белеске шығарып тастады. Солардың тұсында біздің жерлес ақынымыз, аякөздік Дулат жырау да сатира, юморға бой ұрып, сыншылдық, сықақшылдық үнін батыл ескертті. Бұл жөнінде ғалым Ы.Дүйсенбаев Дулат «жеке кісілерге арналған өлеңдерінде... сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтеріле алды» («Үш ғасыр жырлайды», Алматы, 1965, 85 бет) деп дұрыс көрсетті.
  Халыққа емес сыйымды,
  Парақор баспақ биіңді,
  Ел бүлдіргіш бегіңді,
  Әперіп сөзбен кегіңді

Улы тілім ұлаттым. (Бұл да сонда, 98 бет), - деп Дулаттың өзі де сатира қалдырғанын, елді жегідей жеп, зар жылатқан төре, сұлтан, болыстарды тілмен түйреп өткенін айтқан.

Егер Махамбет, Шернияз сатирасы Исатай Тайманов көтерілісімен байланысты туса, Дулаттың сын-сықағы қазақ даласында хандық дәуір жойылып, патша өкіметінің отарлау саясатының күшеюімен байланысты туды. Сол отаршыл езгіге қарсы ел наразылығына сүйене туды. Дулаттың тұсында елді бұрынғыдай ру басылары мен билер билемей, патша өкіметі тағайындаған аға сұлтандар, болыстық әкімдер биледі. Патша отаршылдары жұрттың жер-суын тартып алып, өздерін құнарсыз құмға айдап бір қысса, ел ішіндегі әкімдер жөнсіз, жолсыз алым-салықпен екі қысты. Сұм сұлтандар мен жымысқы болыстар неше түрлі кесір-кесапат істеді, індет-дерттер таратты.

Бұлардың патшаға қызмет істеуі Дулатқа мүлде ұнамайды. Жаңа кезеңнің жаңа әкімдерін сынап-мінеп мансұқ етуге бет алады. Осы ниетпен ол прогрессивтік мәні бар көптеген сын-сықақ туғызды. Мысалы, Бараққа арнаған өлеңіндегі:
  Қасқыр тартып қан шықса,
  Жаман ит жұлып жей берер,
  Алды-артына қарамас.
  Азған елдің бектері
  Қан шықса, елін жұлмалар

Қасқырменен аралас (Сонда, 96 бет),-деген жолдарда үлкен пікір, әшкерелеуші сын бар. Ақын патша отаршылдарын қасқыр, жергілікті әкімдерді ел иті деп алған. Қазақ ұлықтары отаршылдармен бірігіп жаман иттей елін талап, жұртын тонап жатыр дегенді айтқан. Барақ, сен де осыны істеп отырсың деп ашу-ыза білдірген.

Мұнан соң Барақ сұлтанның ұры ұстап, қолына құрық беріп түнделетіп жұрт малын айдатып алып жатқанын, тентектердің қолтығына су бүркіп отырғанын, өсекшілерді мақтап, арамдыққа әбден бой ұрып кеткенің бетіне басады.
  Қашан сенің ашылар
  Момындарға құрылған

Қанды қара қақпаның,- деп Бараққа сұрау қояды. Момындарға қырын қарауды, қақпан құруды қоюды ұсынады.

Осындай қатты сынды Кеңесбай мырзаға да айтады. Оны үйірін сұйылтқан жаман айғыр сияқты өз еліңді бүлдіріп жүрсін, арың таза емес, билігін әділ емес деп сөгеді.
  Іші аяз, ақ қырау,
  Сырты сұлу сарайсың,
  Ыдысысың параның,
  Қотара құйса толмайтын,
  Ашылған әбден араның,
  Түйені жұтсаң түгімен,
  Биені жұтсаң бүгімен,

Қақалмай бір-ақ толғайтын. (Бұл да сонда),-деп Кеңесбайдың сыртқы жылмиғанмен ішкі жымысқы, шектен шыққан парақор екенін ашық айтады. Ақынның парақорлыққа қатты шүйілуі орынды еді. Өйткені, екі жақтап талап-тонап, қысып-езіп күн көрсетпей жатқан кезде кейбіреулер жерін, суын, дәулетін сақтап қалу үшін, тағы біреулері өзінің дұшпанына деген қиянатын іске асыру үшін ұлықтарға, сұлтандарға пара беруді әдетке, салтқа айналдарып әкетті. Пара етек жайды. Ұлықтар парамен баи түсті. Сөйтіп, әділетсіз, теңсіз қоғам парақорлықтың негізі болды.

Дулат «Тегімді менің сұрасаң» деген өлеңінде әлгі Барақ, Кеңесбай сияқты атқа мініп, бас көтеріп жүргендердің пасықтық мінез-психологиясың, екіжүзділігін әдемі әшкерелеген. Ел алдында асқақтап, аспандап кететін солардың патша чиновниктері алдында құрдай жорғалайтынын, табанын жалауға дайын тұратынын, арсыз, намыссыздығын қатты мінейді.

Дулаттың екінші бір шүйіле сынағаны - діндәрлар, қожа-молда, әулие-әмбиелер. Қазақтың жазба әдебиетінің тарихында бұларды Шал Құлекеұлынан кейін қатты сынаған - Дулат. Ол «Айтайын арнап ешеңге» деген сатиралық өлеңінде молда, қожаларды «жұмаққа тура бастайтын ел серкесі», «Тозақтан құтқаратын ел көсемі»,-деп өлтіре кекетеді. Олардың алақан жайып елден қошқар, теке жинайтын тілемсектігін, екі жүз алса да аз дейтін, біреуге бірді бермейтін сараңдығын беттеріне басады. «Бала берем саған» деп жасты, сұлуды, бедеуді алдайтынын, май ұрлаған мысықтай бұғып жатып семья бүлдіретінін ашық әшкерелейді.

Дулат өз сатирасында тек үстем өкілдерін сынап-мінеп қоймай, моральдық, этикалық мәселелерді де қозғап, ел ішіне тарап бара жатқан жат мінез, жаман қылықтарды да нысанаға алады. Ол «Қылығың қылжаң, туысқан» атты сатиралық шолуында, ел ішіндегі көңілсіз көрініс, ұнамсыз жайттарды кезекпен шола, тізе суреттейді.
  Келемеж қылып, атасын,
  Алмай ақыл, батасын,
  Мойнына алмай қатасын,
  Шаруа десе, жиреңдеп,
  Өсек десе сүйреңдеп,
  Қымыз аңдып қыдырып,
  Бейпіл сөзге сыдырып

Жалаңбастанып ұл кетті (сонда, 91-92 бет).

Абай дәуіріне дейінгі қазақ әдебиетіндегі сатира, юморды дамытудағы Дулаттың тағы бірүлесі - оның мысал өлеңдері. Ақын елге үлгі-өнеге беру, дидактикалық ақыл айту ниетімен үш-төрт мысал жазған. Оларда автор өтірікшілікті, мақтаншақтықты, арамдық, қулық-сұмдықты, дүниеқорлықты масқаралайды. Бұл ой-идеяларды ашық, айқын жеткізу үшін ақын өз мысалдарын түсінікті, қызықты сюжеттерге құрады.

«Сары шымшық» атты мысал өлеңінде: таңдайы кеуіп шөлдеген жаман шымшық қып-қып етіп, қорқа-қорқа барып көлден су іше сап зытады. Қайтіп келіп, жолдасына былай деп мақтанады: Барсам, көлде дүйім құс отыр. Ортада аққу. Көл қорыған қызғыштар. Айламды асырып, соның бәріне сездірмей ұрлап су іштім, әбден шомылдым. Бір кезде қалықтап қаршыға келіп қалды. Қаз қамысқа тығылды, аққулар есінен адасты, сұқсырлар суға сүңгіді. Мен ғана тырп етпей отыра бердім. Қаршыға менен қаймығып көлге қонбады. Ақыры саңғыттым да көлдің суын арамдап жөніме кете бардым.
  Сонда жолдасы:
  Өзім де бұрын білуші ем
  Қаршыға саған батпасын.
  Ерлігіне ебі сай

Мақтаса сені мақтасын (Академияның қолжазба қоры, инв. № 18, 57- бет) деп көпшік қояды. Сөйтеді де ана бір күлдің түбінде балалар құрған тұзақ бар. Оның айналасы - арпа-бидай аралас жем. Айлаңды асырып, тұзаққа түспей сол жемді теріп же, бұл сенің қолыңнан келеді деп арандатады. Қаршығадан «қорықпағанда тұзақтан қорқам ба» деп мықтымсып барған сары шымшық тұзаққа түсіп, мерт болады.

Ақынның бір мысалында екі сын объекті бар. Бір жағынан өтірікші, мақтаншақ, әлін білмейтін әлектерді өлтіре ажуалап, ондайлардың тағдыры әрқашан осылай болмақ десе, екінші жағынан доссынған дұшпандар өтірік мақтап, арандатып отқа май айдап, орға құлатады дегенді айтып отыр.

Дулаттың «Қара қарға жем іздеп» деген мысалының мазмұны мынадай: қара қарға жем іздеп келе жатып өліп жатқан үйректі тауып алады. Өзі жемей балапандарына әкеліп береді. Балапандары бұл тәтті жемді қалай қолға түсірдің деп сұрайды анасынан. Қайратты шешең қамысты көлден іліп әкетті деп мақтанады қарға. Ата-бабамыз үйрек іліп көрген жоқ еді деп күдіктенеді балапандар.

Осының бәрін көріп тұрған бір сауысқан қарғаға келеді де, қаршығаның теуіп түсірген үйрегін жоғалтып, іздеп келе жатқанын айтады. Мұны естіген қарғаның зәресі ұшады, ішкен-жегенің қайтадан құсады. Балапандарын шулатып бас сауғалап тұра қашады. Үйректің қалған жемтігін сауысқан сүйрей жөнеледі.

Бұл мысалда да нысанаға екі объекті алынған. Қарғаның үйректі өзім ілдім деуімен, тағы да өтірікшіні, жөнсіз мақтаншақтықты келемеждеп отыр. Онан соң қорқақ, момын байқұстардың аузындағысын алдап жеп кететін сауысқан сияқты сұмдарды әшкерелеген. Ақынның осы мысалды:

Сауысқан - көп қазақта

Қорқытып жейтін момынды, - деп аяқтауы да сондықтан.

Бір айта кететін нәрсе: Дулаттың осы мысалы И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалымен идеялас, мазмұндас жатыр. Ұлы мысалшының туындысында да қарғаның мақтаншақтығы, түлкінің қулығы айтылған. Екеуіндегі айырмашылық - қарғаның аузындағы жемін И.А.Крыловта түлкі әкетеді. Дулатта сауысқан әкетеді. Персонаж мұнда табылып алынған. Сақтық қулық-сұмдық жағынан сауысқан да түлкіден кем түспейді.

Қорытып айтқанда, Дулат өз заманындағы неше қилы кемшіліктердің себеп-салдарын жете білмесе де, оларды сынап-мінеп, әшкерелеп үлкен іс істеді. Махамбет, Шерниязбен бірге қазақ сатирасын байытты, әдебиетімізге мысал жанрын әкелді. Сатирада өз беті, өз ерекшелігімен көрінді.

Егер, әлгі екі ақын сатираны көтеріліс тақырыбына жазса, көтеріліс жауларына қарсы бағыттаса, Дулат сатирасының семсері ел ішіндегі тұрмыстық дерттерге, жаман әдет-дағдыларға қарсы сермелді. Егер көтерілісші екі ақынның сатирасы белгілі объекті, нақты адреске негізделсе, Дулат сатирасы белгілі бір ортаға тән теріс мінез, зиянды қылықтарға жинақталған шартты фактілерге негізделді.

Қожакеев Т. Дулат сықақшыл жырау // Семей таңы.- 1967.- 1 июль. – Б.4

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz