Ұлттың ұлы жыршысы

Бағзы замандардан бері қоңырауын күмбірлетіп, күңірене көшкен жыр керуенінің сүрлеу-соқпағы баба тарихымыздың бел-белестерінде тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Өмір өзгеріп, тұрмыс қанша түрленсе де, елім деп еңіреген, жерім деп күйзелген ата жыр өзінің түп тамырын жұлдырмай, өзегін үздірмей өркен жайып, күннен күнге кемелденіп дамып келеді. Сан ұрпақ келіп, сан ұрпақ кетіп жататын жұмбақ жалғанда көздің шырағы сөнсе де, сөздің шырағы ешқашан сөнбек емес. Бұған VIII ғасырдағы Күлтегіннің көктасына түскен елдік жырының ғажайып рухының Қорқыт, Әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Кетбұға, Асанқайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтанберді, Бұқар, Махамбет, Дулат, Абай, Мағжанға дейін, онан кейін де ұласа шеру тартуы айқын дәлел.

Күлтегін ескерткішінің авторлары: «...Ағалы-інілердің дауласқандығынан, Бекті халқының жауласқандығынан түрік халқы елдігін жойды»,-деп күңіреніп, XVI ғасырда Доспамбет жыраудың «...Кірмем бес ауыр қолға бас болып, күңіреніп күн түбіне жортқанмын»,-деп шамырқануы, ХІХ ғасырда Батыста Махамбеттің:
  «Темір қазық жастанбай,
  Қу толағай бастанбай,
  Ерлердің ісі бітер ме?» - деп, атой салуы, Шығыстан Дулат:
  «Өксігіңді ойласам,
  Ұйқы беріп, қайғы алам.
  Қилы-қилы заманда,
  Заманға сай адамды,
  Салғастырып қарасам,
  Су мүйіз болған танадай,
  Шыр көбелек айналам.
  Кешегі бір заманда,
  Қайран қазақ қайтейін,
  Қасиетті еді хан, қараң.
  Мынау азған заманда,
  Қарасы - атқор, қаны арам;
  Батыры көксер бас аман;
  Бозбаласы - бошалаң;
  Қырсыға туды қыз балаң;
  Нары - жалқау, кер табан;
  Құсы - күйшіл, ат шабан.
  Жырғалаң жоқ, жобалаң,
  Ебі кеткен ел болды,

Енді қайда мен барам »,-деп зар шегуі де олардың ізін баса шыққан Абайдың:
  «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
  Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
  Жақсы менен жаманды айырмадың,
  Бірі қан, бірі май болып енді екі ұртың» - деп көкірегі қарс айырыла жырлауы, тіпті ХХ ғасырда Мағжанның:
  «Қазағым таянды ғой қылта мойынын,
  Жер-мал кетіп бос қалды біздің қойын.
  Қарашы өзіңе-өзің көз жүгіртіп,
  Жараспас бұдан былай күлкі-ойын.
  Бар жерді күннен күнге алып жатыр,
  Біреулер алып қала салып жатыр.
  Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,

Жерінен аузын ашып қалып жатыр», - деп, жүрегі қан жылар жан айғайға басуы үзілмей келе жатқан дәстүрлі поэтикалық ойдың әр кезеңде берген жемістері. Сондықтан Әл-Фарабидің нағыз адам, «шынайы бақыт» туралы концепциясы мен ұлы Абайдың «толық адам» туралы тұжырымдарының тегі бір арнада тоғысып, үндестік тауып жатса, көне түркі ескерткіштеріндегі түркі халқына ой салар идеялар ұлттық ояну дәуірінде Дулат, Міржақып шығармаларынан қайталанып көрініс береді. Қазақ жырының поэтикасындағы осы үзілмеген дәстүр жалғастығын тану арқылы біз замандар бойы екі көзіміз төрт болып телміре күткен тәуелсіздіктің үмітімізді үздіре жаздап барып, кенеттен жарқ етіп оралуының өзі отаршылдықтың қамшысы мен қылышының астында сор өзенін кешіп жүріп, өзінің үнін өшірмеген жанкешті ұлттық рухтың үздіксіз күресінің ұлы жеңісі екендігін анық пайымдаймыз. Осы ұлы жеңісті, шексіз бақытты қолымызға ұстатқан алтын арқау - ұлттық рухтың үзілмей жалғасуында өзінің алды-артында жасаған ұлылар тектес Дулаттың да алатын орны ерекше.

Дулат қазаққа «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған» Абылай дәурені өткен, отаршылдардың ортамызды ойып орын алып, төрімізге жетіп, төбемізден қарай бастаған аса бір ауыр кезеңінде дүниеге келді. Дулатты тудырған дәуір оған ел басына төнген отаршылдық ауырлықтың салмағы мен олар келер қауіпті, сондай-ақ оның соңғы нәтижесін жете танытты және оны былайғы көпке жеткізе айтып, жұрттың көңіл көзін ашу міндетін арқалатты.

Сондықтан оның жырлары елді бірлікке, берекеге шақыруымен бірге әлеуметтік қайшылықтардың түп тамырын қазып, аршып жеріне жеткізе айтатын ерекшелікке де ие болды. Елін сатқан намыссыз ұлықтармен аяусыз күресті. Алайда, Дулат олардың ұлықтығына өшікпейді, қайта ел басына төнген қауіпті сезінбейтін аңғарсыздығына, отаршылдардың айтқанына көніп, айдағанына жүрген дәрменсіз аянышты халіне ашынады. Туған халқының басынан өткен қилы-қилы қиянатты тауқымет Дулат ақынды да өрмекшінің торындай шырмап келді. «Тұманның тұнық суындай жыр тудырған, ұлттың жігер-күшін құдіретті сөз қуатымен бұлқындырған» Дулаттай дүлдүлді де тарих көзінен тасалап, ұрпақ зердесінен аулақтатып бақтық. Отаршыл саясаттың астарын қазып отырып, халқына ой салған ақынға кешегі Кеңес одағы тұсында да отаршылдардың іші жіби қойған жоқ, олар Дулат шығармаларының халыққа кең таралуына тіс-тырнағымен қарсы болды, Дулат жырларының өмір танытқыш теңдессіз қуатынан өлердей қорықты. Сондықтан күні бүгінге дейін Дулатты танып-білу халықтық сипат ала алмай, қанатын кең жая алмай отыр. Дулатты жеке дара түрде емес, Абаймен байланыстыра қарау керек еді. Біз бұл салада да ағаттықтар жібердік. Ол ағаттықтарымыз абайтануға да көлеңке түсірмей қалған жоқ. Абайтанушылардың бәрі де ұлы ақынның нәр алған рухани қайнар көзін үш салаға бөледі. Олар: шығыс әдебиеті, орыс әдебиеті арқылы келген Еуропа мәдениеті, қазақтың ауызша поэзиясы арқылы атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық өнер дәстүрі. Кеңестер одағы тұсында Еуропа мәдениетінің Абайға тигізген ықпалы жеріне жете зерттелді. Тіпті кейде асыра айтылған тұстары да болды. Ал Абай нәр алған ұлттық мәдениетіміз көбінше аты аталып, заты талданбай ескерусіз күй кешті. Сондықтан күні бүгінге дейін Абайға рухани нәр берген төл ұстаздары туралы шындықты жұрт қабылдай алмай келеді. Абайдың ақындық өнердің биігіне көтеріле алуына әлемдік әдебиеттің қайнарынан сусындағандығы себеп болды. Дегенмен өзі көктеген топырақтан нәр алмаса, өз топырағы құнарсыз болса, сыртқы әсер қашанда оның осындай ғажайып табысқа жетуіне толық әрі қажетті шарт бола алмаған болар еді. Абай әлемдік ойдың жетістіктерін ғана қабылдап қойған жоқ, өз халқының рухани мұрасынан да армансыз сусындады, Еуропаның ұлы әдебиетшілерін өзіне ұстаз ете алған ақын өз халқынан ұстаз таба алмаса не болғаны? Абай дүниенің төрт бұрышына көз салып әлемдік әдебиеттің алып айдынынан сусындамас бұрын өзін өмірге әкелген қазақы жырдың қара уызына мейлінше жарып өскендігін естен шығармаған абзал. Бұл тұрғыдан алғанда Абай өнеге алған ұстаздардың бірі де бірегейі Дулат Бабатайұлы. Академик Зәки Ахметов: «Абай поэзиясымен Дулат секілді дарынды, кемел ақынның өлең-жырларындағы үндестік туралы айтқанда жекелеген ұқсастықтарға назар аудару, әрине, жеткіліксіз. Абай да, Дулат та өнерпаздық тұлғасы мүлде өзгеше суреткер десек те, олардың өмір сүрген ортасы, заманы жалғас, жақын, сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің қайшылықтарын, әртүрлі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын бейнелеп көрсеткендігінде де ұқсастық, сабақтастық бар» деген тұжырымы арқылы Абай мен Дулаттың әлеуметтік сыршылдықтағы ұқсастығын тудырған олар жасаған тарихи кезең деген ойға меңзейді. Бұл да шындық. Ал ұлы Абаймен Дулаттың ортасындағы рухани сабақтастықтың тамыры тереңде, ғасырлар бойына жалғасып келген ұлттық ойлау жүйесінде, ұлттық эстетикалық талғамда, ұлттық салт-дәстүрде, оларды тудырған құнарлы топырақта жатыр. Оның, төркінін көне түркі жазбаларынан, Қорқыт, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтанберді, Бұқар тағы басқалардың жырларынан іздеу керек. Абай мен Дулат ортасындағы сабақтастық жеріне жете зерттелмеген тақырып екені рас, десе де бұл шындықты бағамдаған ғалымдарымыз бар. С.Негимовтің «Әдебиет әлемінде ұлылығымен де, тереңдігімен де ерекшеленетін ерен дарын Абайдың ақындық күмбезінің сән-сәулетін Дулат соққан мұнарасыз елестету мүмкін емес» деуі аталған екі ақынның арасындағы рухани тұтастықты ашуға деген құлшыныс. Алайда, «Дулат соққан мұнарасыз» деген сөздің орнына Дулат соққан іргетассыз десе дәуірлік хронологиялық тұрғыдан да, рухани даму тұрғысынан да қисынға келер еді.

Талантты сыншы Тұрсынжан Шапай: «...Абайдан бастап жалпы поэтикалық үрдістермен қатар ақынға ерекше ықпал еткен оның поэтикалық әлемінде үзілмей желі тартып жататын жеке есімдер пайда болды. Абай үшін қазақ топырағындағы ең алғашқы тұлға даусыз - Дулат» десе, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Өз кезінде Дулаттың ұлы Абайға ұстаз, үлгі болғанын, кейін Абай, Мағжандар дамытқан айшықты ойлар мен теңеулердің бастау кезі Дулатта жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі», дейді. Дулат жөнінде әдебиеттің білгір мамандары осындай ойға тоқтайды. Дулат пен Абай біртұтас әлем, сөз өнерінің ықылым замандардан бері ұласып келе жатқан ұлы дәстүрінің жарқын көрінісі. Бұл тұжырымдарды тура қабылдай алмайтын, Абайға жасалған қиянаттай көретін көзқарастар да бар. Ол ұлы ақынды тағы бір мықтыға шәкірт дәрежесінде көргісі келмегендіктен болар. Сөз жоқ, Абай біздің ұлттық мақтанышымыз, әдебиетіміздің темірқазық жұлдызы. Абайға қарап өткен-кеткенімізді сараптап, бар мен жоғымызды түгендеп, бағыт-бағдарымызды анықтайтынымыз да содан. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағына келсек, кез келген кемеңгер өзін туғызған халқынан ұлы да, одан биік те бола алмайды. Дүние тарихындағы ұлы тұлғалардың барлығының да ұстаздары болған. Дулат Абайдың рухани ұстазы деген сөз намыс емес, мақтаныш. Одан Дулат Абайдан биік деген ұғым тумайды. Абай өз биігінен аласырып та кетпейді, қайта асқақтай түседі. Абай өз биігіне шыққан адам. Оның үстіне қазақта Абайға ұстаз бола алған Дулаттай тұлға болса ол қазақ үшін мерей емес пе? Одан қазақ ұтпаса, ұтылмайды. Біздің оған намыстануымыз жалған намыс. Егер шынымен намысшыл болсақ, Абай бойындағы артықшылық қасиеттің бәрін Еуропа мәдениетінен келген кірме қасиет деген шалағай, тұрлаусыз көзқарасты әлдеқандай етіп көпіртіп көрсетуден намыстанайық. Біз Абайдың ұлттық нәр алған рухани ұстаздарын жоққа шығару арқылы Абайды туған халықтың ұлылығына шүбә келтіреміз. Сол сөзіміз арқылы қазақ халқының Абайға дейінгі небір жарық жұлдыздарын берген ұлттық сөз өнерін тәрк етіп, Абайды көргені кем, тексіз етіп шығаратынымызды аңғаратын кезге жаттік. Шынында, Абай, Бұқар, Дулаттарды берген құнарлы топырақтан нәр алмағанда дәл, бүгінгі биігіне шыға алмаған болар еді. Біз қазақ халқының намысын ойласақ, Абайдың өз ұлтынан шыққан ұстазы жоқ деп даурыққанша, рухани ұстазы көп деп Абай ойының тамырын сол көп ұстаздарының бойынан іздеуге тырысайық. Абайдың көп ұстазы дегенде біз әжесі Зере, әкесі Құнанбайдан бастап, Абайдан ұлы дария бастау алған қасиетті қайнар көздерді меңзеп отырмыз.

Абай халық поэззиясын, соның ішінде Дулат поэзиясын өз бойына сіңіріп, синтездеп, қорытып, жаңа сапаға ие етіп, сол арқылы өз ұстаздары көтеріле алмаған биікке көтерілді. Оның ұлылығын сол тұрғыдан іздеу керек. Абай өз ұстаздарының бәрінен де биік болғаны секілді Дулаттан да биік. Сонымен де ол - Абай.

Бір халықтан бір ұлы адам көрінсе болды қалғандарын соның қалқасына тығып, өздерінің мүддесіне қайшы келетін идеясы бар деп білгендерін атауға, өз орнында бағалауға тыйым салып отыратын отаршылдық жүйе қалыптастырған бұрыңғы қасаң көзқарас ендігі жерде рухани қажеттілікті өтеуден қалды. Бұл ең алдымен, әдебиетке, оның ішінде әдебиет тарихына, әдебиет тарихын жасаушы жеке тұлғаларға да қатысты екені белгілі. Біз Абай мен Дулатқа осы қасаң көзқарастың тар шеңберінен шығып, ұлттық тұрғыдан, жаңаша көзқарас биігінен қарағанда ғана олардың ұлылық әлемінің көкжиегі кеңдігін сезініп, шығармашылық шыңына шығуда басып өткен шытырман жолдарын және өнер мен өмірді ұштастыра білген жұмбақты тағдырларын бұрынғыдан да терең тани түсінетініміз кәміл.

Халықты бір шыбықпен айдаған, батырының басын кесіп, ақынының тілін байлаған зұлым заман да келмеске кетті. Аллаға шүкір, ұлт та жыршысымен қайта табысты. Дулат туралы шындық айтыла бастады. «Абайтанудың жүз жылдық ұзақ-сонар даму тарихына ой жіберіп, шола қарағанның өзінде ұлы ақын мұрасын бірде жатырқап, артынан қайта табысқанымыз, немесе бірде жалаң танып, артынан тереңдей түскеніміз жасырын қалар сыр емес, кеше ғана көз алдымызда болып өткен тарих сүрлеуі емес пе?

Дәл осындай болмаса да осыған тағдыры ұқсас, бірақ әдеби мұрасы екі рет күйген тағдыр тәлкегін Дулат жыраудан көреміз. Ол Абайға дейінгі ауызша айтылып импровизаторлық дәстүр негізінде дамып, жалғастық тауып келген қазақ поэзиясымен жаңаша бағыт-бағдарымен даму жолына түскен жазбаша әдебиетті ұштастырып рухани көпірге айналды, әдеби мұрасымен өз заманындағы саналы ойдың иесіне айналды. Дулат мұрасы жартылай танылған «ақтаңдық» қалпында қалып, аты аталса да әдеби жұртшылық арасында оқтын-оқтын қозғау да салып отырды. Бірақ ол жайында айтылар шындықтың толық, тұтас күйінде айтылмай, жартыкеш күйінде орнығуы себепті, тарихи-әлеуметтік өмір болмысына орай туындаған Дулат шығармаларының басты да туынды сарыны лейтмотиві ғылыми тұрғыдан ашылмай қала берді»,-деп, ашына да ашыла айтқан білгір ғалым Мекемтас Мырзахметұлының осы пікірі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Турасына көшсек, дулаттану енді басталды. Рас, Дулаттың кесек таланты мен оның әдебиет тарихынан алатын орны хақында айтып келе жатқан Қ.Жұмалиев, Қ.Өмірәлиев, З.Ахметов, М.Мырзахметов, М.Мағауин, Т.Кәкішев, Қ.Жұмаділов, С.Қасқабасов, М.Жармұхаммедұлы, С.Негимов, Т.Шапай, Т.Қожакеев, Қ.Жарықбаев, М.Қараев, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Раев, Б.Омарұлы, С.Қорабаев бастатқан ғалымдар мен жазушыларға халық та, ақынның аруағы да разы.

Жоғарыда аты аталған зерттеушілердің бәрі де Дулатты қазақ жырына жаңа тұрпат әкелген, көркемдік өрнегін түрлендірген, жазба поэзияның басы деген тоқтамға келеді. Бұл олардың Дулатқа деген жалаң ықласынан ғана туып отырған жоқ. Мұндай тұжырымды тудырып отырған ақынның еш қоспасыз халықтың саф алтындай таза тілімен өзінің жаңашыл, тапқыр ойларын үндестіре білген шеберлігі, өз заманына терең талдау жасап, дәуір сипатының образын жасай білген шыншылдығы. Сондай-ақ, болашақты болжай білген көргендігі. Академик Қ.Жұмалиев «Абайға дейінгі ХІХ ғасырда өмір сүрген ақындардың ішінде поэзиямызға жаңа бір түр кіргізген ақын - Дулат»,-деп, Дулаттың ақындық талантына аса жоғары баға берген еді. Дулаттың қазақ поэзиясына алып келген жаңалығы туралы халық жазушысы М.Мағауин де «Ақынның көңіл-күй, табиғат лирикасы да сол дәуірдегі қазақ поэзиясы үшін жаңашыл сипатта болды»,-деп, Қ.Жұмалиевтің ойын нақтылай түседі. Осындай ойды М.Жармұхаммедұлы да айтқан болатын. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент - мүшесі Рабиға Сыздықова Дулат жырының табиғатына одан әрі ішкерілей кіріп: «Қазақтың жазба поэзиясының алғашқы нышандары Дулат өлеңдерінен көрінеді. Іргетасын қалаған Абай болса, соны қалау кезеңі туғандығын, қалайша қалаудың алғашқы үлгілерін көрсеткен Дулат» деп, Дулат ақынның Абайға өнеге болар ой қалдырып, оның әлемдік биікке көтерілуіне алтын баспалдақ, рухани іргетас, сондай-ақ, ұлылық нәрінің ұлттық қайнар көзі болғандығын дәл басып айтады.

Бұлар біздің дулаттануда жеткен жетістігіміз. Дулат туралы іргелі ғылымның қалыптасуы үшін әлі де зор сенім, қажырлы еңбек керек. Әсіресе Дулаттың өзінен бұрынғы халықтық поэзиядан алған нәрін өзінен кейінгі ақындарға қалай жеткізгендігі, кейінгі ақындардың оны қалай дамытқандығы, оның қазақ өлеңінің поэтикалық дамуындағы алатын орны күрделі зерттеулерді күтіп тұрған тақырып екені даусыз.

Дулат туған халқымен табысты, әдебиет тарихындағы және халық тарихындағы өз орнын алды. Бұл қазақ халқының мақтанышы. Ал ұлы ақынның 200 жылдық мерекесінің өзі бір жыл кешігіп, әупіріммен аталып жатса, обалы бодандыққа әбден бас ұрып, дертін асырып жіберген құлдық психологияның мойнында.

Дулат ұлтқа керек ұлы жыршы.

Ұлттың ұлы жыршысы: Мирас // Егемен Қазақстан. – 2003. – 3 қыркүйек. – Б.3

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz