Зар заман жампозы

  М.Әуезов 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» деген еңбегінде араша түскен алып тұлғалар жайлы алымды ойларын барлық уақытта әр жақты дамытып отырады. Соның бір тамаша үлгісі - «Абай жолы» роман эпопеясында Дулаттың көркем бейнесін сомдауы. Әрине, соқыр саясат қолшоқпарлары Дулаттың атын Барлас деп өзгертуге мәжбүр етті. Жазушы бүкіл ғұмырына бетбұрыс жасалған ерекше бір шешуші сәтте бала Абайдың болашағына бағдар берген қасиетті Қыдырдай тап келген Дулаттың келешек ақынға тигізген оң әсерін, игі ықпалын асқан бір зиялылықпен, зерделілікпен бейнеледі. Жас баланың бойынан даналық белгісін қапысыз таныған ұлы дарынның данагөй болмысы биіктен көрінеді. Дулатпен дидарласу сәби жүректің, бала көңілдің айрықша өзгерісіне себеп болады. Үш кемеңгердің киелі ойларының өзара тоғысар тұсы осы ма дерсің. Дулат - Абай - Мұхтар арасындағы көзге көрінбейтін құдірет күштің салтанат құрар сәтті бір шуақты мезгілі бұл.

«Шоқшалау ғана ақ сақалы бар, келбетті келген зор дауысты ақ сары кісі Барластың Абайға салғаннан ұнауында да», ұлылардың үндестігі бой көрсетеді. Өзге үлкендердей білгенін ішіне бүгіп үндемей отырудан аулақ, жарқылдақ, ашық мінезді Барластың - (Дулаттың) әр сөзі бала Абайдың көкірегіне күн сәулесіндей асқан бір мейіріммен шуақ болып құйылып жатады. Бірде қызулы қыздырманы қолдайтын күлкіші, сауықшыл ақын енді бір сәтте үлкен бір өсиетшіге, шерлі қартқа айналады. Жазушы қолданған жыр шумақтарында Дулатқа ғана тән дауылпаз дүбір, жасындай өткір ой, теңіздей тереңдік айқын танылады.

Құлағың сал жырыма,
   Ойлана қара сырыма.
   Шад-шадыман емеспін,
   Құр-құландай жортқанмен,
   Құбылтып күй тартқанмен,
   Қайғыдан Барлас құрыма?!

- деп термелейді. Бір айдай дана жырау Дулат пен ақын Байкөкшенің рухани бұлағынан нәр алған жас бұтақтай жайқала тербетілген Абайдың, тіпті соңғы жатуы да тегіннен-тегін емес. Ой ортақтығы бой жақындығына еріксіз әкелген сырлы күштің сиқыры тәнті етпей қоймайды. Абайдың ұғымтал зеректігін жіті байқаған жампоз жырау бар ықыласымен бата береді:

Шырағым, ер жетерсің,
   Ержетсең, сірә, не етерсің?!
   Алысқа шырқап кетерсің,
   Шыдасаң шыңға жетерсің.

Дулат ақынның әдебиеттегі орны жөнінде, оның өлеңдерінің тарихи-әлеуметтік тамырлары мен арналары туралы, ең бастысы, ұлы суреткердің тіл өрнегі - поэтикасы жайлы еңбек жазған ғалымдардың бірі Қажым Жұмалиев. Ғалым «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде, Дулат жыраудың өмірі жайлы мағлұмат беріп, оның жырларының негізгі тақырыптарын саралап көрсетеді. Шығарма мазмұны мен ақын заманының ерекшеліктері бірлікте қарастырылады, Д.Бабатайұлының өзіндік ой толғамдарына терең талдау жасайды. Әсіресе, «Еспенбет» дастанының мазмұндық, құрылымдық қырлары сөз болды. Қ.Жұмалиев Дулаттың «Өсиетнама» жинағы туралы өзіндік пікірін, топшылауларын ұсынады. Онда шындығы мен көркем сөздің арасындағы үзілмес желіні қапысыз танытарлық тағылымды тұжырымдарын жасайды. Осыған орай, зерттеуші Дулат өлеңдеріндегі екі ерекшелікті бөліп көрсетеді - «Бармақтай меңі болған соң» өлеңі туралы: мұндағы жаңалық - тек Дулат өлеңдерінде ғана ұшырайтын он тармақты шумақ. Бұл - Дулатта да бір-ақ өлең. Осы шумақ, осы ұйқаспен шығарылған оның басқа да өлеңдері болуы да, біздерге жетпей жоғалуы да немесе ел аузында әлі күнге дейін жүруі мүмкін, бірақ Абайға дейінгі қазақ поэзиясына біреу де болса, жаңа өлең құрылысын енгізу аз еңбек емес. Бұл түрді Дулат қалай ойлап тапты, қалай енгізді деген сұрақтарға жауап беру қиын. Кейбір сипаттарына қарағанда, шығыс поэзиясының үлгісіне ұқсайды. Әзірше, бұл топшылау ғана. Дулаттың басқа өлеңдері жыр ағымымен құрылған.

Дулат өлеңдерінің сыртқы формалық өзгешелігін де ғалымның көреген көзі алыстан шалады, ол бір шумақ өлеңде үш жолы шұбыртпалы, екі жолы егіз ұйқас болып келетін өлеңдердің тек қана Дулаттан кездесетінін, бұл ол кездегі басқа ақындарда жоқ екендігін атап көрсетеді. Және жалпы қазақ өлеңі құрылысын зерттеуде бұл түрдің ерекше көңіл бөлуге тұрарлық құбылыс екендігін ескертеді.

Қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік кезеңнің құрсауына мойынсұнбай, Дулаттың мұраларын саясат отынан арашалауға ұмтылған ғалымдардың бірі Ханғали Сүйіншәлиев болды. Қазақстан Компартиясы комитетінің 1957 жылғы 8 шілдедегі «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеуді сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» Қаулысы негізінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында 1959 жылы 15-19 маусым күндері ғылыми-теориялық маслихат өткізілгені тарихтан белгілі. Мәслихаттың күн тәртібінде ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Бұқар, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Шеңгерей, т.б. шығармашылығы негізінде әдебиет тарихын жүйелеу міндеті тұрды. Осы мәслихатта филология ғылымдарының кандидаты, жас ғалым Х.Сүйіншәлиев «Дулат ақын мұрасынан» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Баяндамада Дулат мұраларын бағалау жөнінде байыпты байламдарын батыл айта білді. Ең негізгісі, дулаттанудың басым бағыттары, зерттеу арналары туралы тұшымды ой мәслихат мінберінен айтылып, әдебиеттанушылар арасындағы үлкен дауға тиек болды. Х.Сүйіншәлиев кейінде осы ойларын тереңдетіп, жүйелі зерттеуге ұластырды. Оның қаламынан туған Дулат шығармашылығы туралы дүниелердің ұзын саны он бестен асады. Кейін докторлық диссертациясының бір тарауын «Дулаттың әдебиет тарихындағы орны» деп арнап жазуының өзі де ғалымның табандылығын танытса керек.

Дулат шығармашылығына дүркін-дүркін айналып соғып, ақынның айрықша қуатын, көркем де кестелі сөзін тереңнен толғап, Дулат дүбірін алыстан танып, асыл ойдың тұңғиығынан маржан сүзген, тілші-ғалым – Рабиға Сыздықова. Тіл мен әдебиеттің бөлінбес тұтастығын тамырлы, тағылымды туындылар табиғатынан тапқан филолог-зертеушінің көп жағдайға шабыттана әңгімелейтін мәселесі ешкімге ұқсамайтын жыраудың поэтикалық тілі, көркем сөз патшалығы. Дулат шығармашылығының өзіне тән ерекшелігін айқындар алдында Рабиға Сыздықова «Дулат жырау ма, әлде ақын ба?» деген мәселенің бетін ашып алады. Дулаттың болмысындағы жыраулық қасиет пен ақындық қабілеттің тоғысар тұсын дәл көрсетеді. Өлең құрылымы жағынан өзіне дейінгі жыраулардан мүлде бөлектік, өзгешелік бар екенін тұжырымдайды. Ал, мазмұн тұрғысынан ақын өлеңдерінің дидактикалық сарынға, философиялық толғаныстарға қоса нақтылыққа көшу мәселесіне баса назар аударылуын негіздей отырып, оның ақындық қасиетін танытады. Екінші жағынан, ғалым - Дулат өлеңдеріндегі жазба әдебиетке тән белгілерді де дәл атап, айқын танытқан зерттеуші. Дулаттың жазба ақындығын шығарманың іштей шоғырларға бөлінуімен дәлелдейді: «Өлең шоғырларға (тирадаларға) бөліп құрастыру тәсілі қазақтың ауызша дамыған өлең жырларында жоқ. Ол - жазба әдебиетке тән өлең құрылымы. Бұл құрылым қазақ поэзиясында Дулаттан басталады». Дулаттың ақындық сипатын поэтикалық образдар жүйесінің алуан түрлілігімен де дәлелдейді. Поэтиканың тілдік механизмі, бейне жасаудағы сөз құдіретінің күшін соны ізбен, жаңа ойлармен астасып жатқан оралымды тіркестер арқылы жеткізудегі ақын шеберлігін талдайды.

Өз халқының кемел ақыл ойының, парасат пайымының, жалпы рухани жан-дүниесінің айнасына айналған ақын шеберлігі жайында тебірене, толғана, төгіліп кететін ғалым өзінің «Дулат ақынның сөз кестесі» мақаласында ақын шығармалары жайлы терең мәнді сөз айтады. Онда Дулаттың орны мен рөліне баға береді.

Дулаттың дарыны мен дуалы аузынан шыққан дәйекті сөздерінің құдіретін ашып көрсетуге академик Зәки Ахметов Абай ақындығына қатысты зерттеу еңбегінде Дулат өрнегінің өзіндік ерекшеліктеріне үлкен мән береді. Ол Абайдың:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
   Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
   Әттең, дүние-ай, сөз таңыр кісі болса,
   Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау,

- деген өлең шумағындағы ондаған жылдар бойы түрлі дау тудырып, талай сындарлы ойларға өзек болған ақын тұжырымына кеңірек тоқталады. Абайдың өзіне дейінгі түпсіз терең қазақ поэзиясының ішінен осы үш тұлғаны бөле жара айтуының сыры олардың талантын басқалардан оқшау санап, жоғары бағалауы деп түсіндіре келіп, «бірі - жамау, бірі құрау» деген ойға қатысты өз пайымдауын тартады. «Абайдың сыны оларға поэзиядағы қолданған әдіс-тәсілдерге, нақтылап айтсақ, өлең жырларда бұрыннан қалыптасқан нақыл сөздерді, дайын сөз үлгілерін жиі қолданушылыққа қатысты болса керек. Жамау, құрау деп отырғаны осы мағынада айтылған деп түсіну қисынды». Зерттеуші ғалым бұл әдісті - дайын сөз үлгілерін, мақал-мәтелдерді еркін, өзінше қолдану, ондағы өз ойымен кіріктіріп, кеңейте жырлау Дулаттың ақындық ерекшелігін танытатын тағы бір қыры екенін сенімді дәлелдейді. Дулат поэтикасын зерттеудегі негізге алынатын бір ойдың ұшын ұстататын бұл пікірдің дұрыстығы келесі тарауда таратылып дәйектеледі.

Жалпы дәл осы шумақтағы екінші жол төңірегіндегі түрлі көзқарастар қақтығысы абайтанушыларды да, «Зар заман» ақындарының шығармашылығын зерттеушілерді де үнемі ойландырып келгені сөзсіз. М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Ғ.Есімов, Р.Сыздықова, Ж.Ысмағұлов, Т.Шапай, Б.Омарұлы, т.б. бұл пікір бойынша сан түрлі ой болжамдарын ұсынады. Аталған зерттеушілердің барлығының да ойы тоғысар бір арна - Абайдың сыны үш тұлғаның шығармашылық мұрасын мансұқтау емес, олардың беделінің жоғары екенін пайдалана отырып, болашаққа баратын жаңа өлеңге қойылар талаптың ендігі жерде сол биіктен аспаса төмендемеуі тиіс екендігін ескертуінде дегенге саяды.

Дулаттың ақын ретіндегі болмысын тұтас ашуда ерекше еңбек сіңірген ғалым, филолог-зерттеуші Құлмат Өмірғалиев болды. Жыраудың өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасын қапысыз таныған ол 1991 жылы «Замана сазы» деген атпен жарияланған жыр жинағының алғысөзінде басты-басты төрт ерекшелікті аша отырып, дулаттанудың көкейтесті мәселелеріне жауап іздейді. Сыншы ақын өлеңдерінің идеясы мен көркемдік қуатын бірлікте қарап, таптық бөлініспен байланыстырады. Мысалы: «Дулат феодалдық қоғамның барша билеуші үстем тап өкілдерін сыпыра сынайды. Дулатқа тән осы ерекшелік қазақ әдебиеті өкілдерінде бұрын-соңды кездеспеген жаңалық деп көрсетеді. Екінші ерекшелік ретінде өзіне дейінгі қазақ поэзиясында болмаған тақырыпты - патша өкіметінің қанауын сөз етуі» дейді. Дулаттың поэзияда бірінші рет қазақ жұртын тұтас алып қарауы және оны іштей жіктеуін (езуші - езілуші; хан - қара) де зерттеуші поэтикалық шығарма мазмұнындағы ақын ерекшелігі деп түйіндейді. Сол себепті Дулат түңілуден гөрі, нақтылыққа ұмтылатын қасиетке ие. Дулатқа тән төртінші ерекшелікті: «Ол Бұқара халықты, езгідегі момын жұртты көріп, солардың мұңын мұңдап, жыртысын жыртты. Жырау көпшілікті танып, солардың тұмысын сөз етті». Осы төрт ерекшеліктің Дулат есімінің басқа ақындардан жоғары өрлеуіне жол ашқан және қазақ поэзиясының кәсіби деңгейін арттырған тәсіл болғандығы аян.

Жалпы жыраулар поэзиясын зерттеушілердің бірі М.Жармұхамедұлы Дулат шығармаларына қатысты ой-пікірлерін білдірген. «Дулат сол дәуірдегі әлеуметтік өмірді жырлауға ерекше мән береді, сөйтіп, өз дәуірінің талап талғамдарына сәйкес жыраулық пен ақындық дәстүрді қатар ұстап, екеуін жалғастырушы болды. Соның нәтижесінде, ол жыраулық пен ақындықтың жол айырығында тұрып, кейінірек ұлы Абай негізін қалайтын жаңа сипатты жазба әдебиеттің туып, қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. Бұған оның ескіше сауатты болып, өз жырларын жазбаша үлгіде шығаруы да үлкен септігін тигізді».

Дулаттың поэзиядағы тың теңеу, соны өрнектері өзімен замандас, кейінгі толқын ізбасар ақындарға да елеулі әсер еткенін ғалым Б.Омарұлы тиянақты дәйектеп береді. Дулат ықпалының күштілігі соншалық, ол өзі өмір сүрген зар заман кезеңіндегі дәстүрлік жолы айқындалған айтулы тұлғаға айналды. Оның дәлелі Дулат бастап, өзге ақындар қостап жырлаған тақырып ұқсастығынан да, ой-пікір үндестігінен де, сөз саптау, ой қорыту, түйін жасау мәнерлерінен де аңғарылып тұр.Зерттеуші заман мен замана адамын жырлаудағы ортақ жайларды дәл көрсетеді. Заман кейпіндегі Дулат айтатын бағдарсыздық Шортанбай тұсында құбылмалылық сипатқа ие болады, ал Мұрат тұсында біржола азған, қырсық шалған, қиюы қашқан заман бедерленеді.

Дулат поэтикасындағы ұлттық таным тұрғысынан тектілік мәселесі былайша тұжырымдалады: «Отаршылдықтың бұғауындағы қазақ қоғамында бір-бірінің балағына жармасып, иттей талауға ұмтылғандардың алауыздығына айтқан ақынның өлеңдерінде ежелгі түркілік түсініктегі «қасқыр» ұғымы «итпен» қатар қолданылады. «Халық пір тұтқан бөріліктен, яғни қасқырлық тектіліктің өз қораңа өзің үрген иттікке көшуі Дулаттың қазақ ахуалын бейнелеп-бедерленген өлеңдерінен аңғарылады».

Тұтас поэтикалық дәстүр мен жыраулық поэзиядан бастау алған ерекше ақындық әлемнің жарық жұлдызы Абай шығармашылығында Дулат дәстүрінің жалғасын тауып тереңдей түсуі - заңды құбылыс. Қос алыптың шығармашылық тамырластығына өзінше соны ізбен келген зерттеушінің бірі Тұрсынжан Шапай қызықты да қисынды пікірлерін тұжырымдайды: «Абайдағы әлеуметтік сарынға бойлаңыз. Тақырыптарды шолыңыз, поэтикалық тіл кестесіне, түрлік бейнелілік үлгілерге, кейбір ырғақтық-интонациялық-әуендік құбылыстарға назар аударыңыз - Абай әлемі зерлеген Дулаттық өрнектерді жазбай танисыз». Айтары ұқсас қос асылдың бөлектенетін, айырылатын бір ғана тұсы бар, ол аңсар айырмашылығы. Дулат өткенді, кешегіні аңсайды. Ал Абайдың бар үміті келешекте. Ол көзін алдағы сағымды күндерге тігеді. Бірақ ой алыптары бір-бірін қайталамайды, көшірмейді. Кейінгі толқын алдыңғы толқынның ойын кеңейтіп тереңдетеді. Мейлі ел тұрмысын иә әлеуметтік түрлі топтардың жай-күйін, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілікті жырласын, екеуіндегі ой тамырлас, ал образ мүлде бөлек. Т.Шапай осы бір нәзік иірімдерді санамалай отырып, ақындық шеберлік мәселесін тереңнен саралайды.

Раев Қ. Зар заманның жампозы: Дулат Бабатайұлы – 200 жыл // Ана тілі.- 2003. – 25 қыркүйек. – Б.9

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz