Дулат ақын поэзиясы: сатиралақ портрет пен мінездеу

  ХІХ ғасыр әдебиетінде сатира жанрының әлеуметтік мәнін, көркемдік өрісін биікке көтеруде Дулат Бабатайұлы шығармашылығының орны ерекше. Заманының суреткер ірі ақыны халық мұңы мен зарын, ащы сыны мен уытты кекесінін, наразылығы мен іштен тынған бұла қайратын туындыларына арқау етті. Оның туындыларынан әсіресе ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қоғам психологиясы біршама терең көрінеді. Бейнелік пен көркемдік жағынан да Дулат поэзиясының щоқтығы биік. Сатиралық өлеңдері өз заманының асқақ жыршысының дүниетанымын, азаматтық келбеті мен ұстанымын, өлең-жырының халықтық сипаты мен өршіл рухын танытады.

Қайырсыз сараң малыңды,
   Еріншек есек жарыңды,
   Халыққа емес сыйымды
   Парақор баспақ биіңді,
   Ел бүлдіргіш бегіңді
  Улы тілмен улаттым,

- дейді ақын. Өлең жолдарынан Дулат сатирасының нысаны мен мақсаты айқын көрінеді. Сатира ақынның шығармашылық мақсатынан туындаған өрісі, күрес құралы болды. Ойымызға негіз етіп алып отырған «Тегімді менің сұрасаң» деп басталатын толғауынан Дулаттың ақындық қуаты, көркемдік танымы байқалады. Троптың небір алуан түрлерін – бұрынғы ақын-жыраулар поэзиясында ұшырасатын дайын үлгілерін де, тек Дулаттың қиялынан, образды ойлау жүйесінен туған тың, не сирек қолданысты көріністерін де кездестіреміз. «Сары алтынның буы», «Тұманың тұнық суы», «Сорғалаған нөсердей», «Тасқын судай», «Шербет балдай», «Торқалы топыр тойына», «Тоят төс, салпы ерінді», «Тұлпар аттай қунақпын», «Гаухардай дүрге бұлдаған», «Жыр анасы суатпын» дей келіп, бір толғауда үсті-үстіне қолданылатын образдар жүйесі Дулаттың өзіне дейінгі поэзия дәстүрін терең игерген, сонымен қатар көркемдік, суреткерлік алымының кеңдігін, өлең-жырды төкпелеп айтқан сайын тынысы ашыла түсетін шын жүйріктігін білдіреді.

Дулат сатирасының өзіндік сипатының бірі – нақтылы адамға бағытталуы десе, «Бараққа», «Кенесбайға», «Ешенге» деп келетін арнау өлеңдері сатиралық өткірлігімен, нысанасын бетің бар, жүзің бар демей әшкерелеуімен ерекшеленеді. Сатиралық арнау өлеңдерінде кейіпкерін әлеуметтік, психологиялық тұрғыдан мінездеуге Дулат мол орын береді.

О, Барақ жас, Барақ жас!
  Жегенге тоқ, ішсең мас.
  Жақсы болса ұлығы
  Өз елін жаудай таламас.
  Қасқыр тартып, қан шықса,
  Жаман тит жұлып жей берер,
  Алды, артына қарамас.
  Жақсы иттің белгісі
  Жұлмақ түгіл жаламас.
  Азған елдің бектері
  Қан шықса елін жұлмалар
  Қасқырменен аралас.

Барақ жасты мінездеуде ақын шеңдестіруді, параллелизмді шебер пайдаланады. Дәстүрлі поэзияға тән ара-арасында нақылдап айта келіп, ел ұғымына етене жақын образдармен кейіпкердің мінін тұспалдаумен әшкерелей түседі. Бұл аралықта ақын аллегориямен көңіл тереңіндегі ашындырған ойды көркем жеткізіп отыр. Шындап келгенде, біздіңше, «қасқыр» Ресей патшалығы, оның отарлаушылық қорқау саясаты. «Жаман иті» - өз қамын, жеке мүддесін көздеген тойымсыз, озбыр ел билеушілері. «Қасқырмен» таласа-тармаса елін «жұлып жеп» жатыр. Дулат уытты сынға суарылған бейнелі ойын соңғы тармақтарда ашып айтып, ойын бекіте түседі.

Қазіргі қазақ ұлығы
  Жаман иттен несі кем.
  Жемтік көрсе, қан көрсе,
  Айырылар мүлде есінен.

Дулат сатирасының бұдан көрінетін көркемдігі – сын нысанасын халық ұғымына жақын метафорамен, образбен жеткізуге шебер. Бұл – өлеңнің көркемдігін, ақынның суреткерлік қарымының кеңдігін айқындай түседі.

Ақынның сатиралық арнау өлеңдеріне тән кейбір ерекшелікті осы «Бараққа» туындысынан да байқаймыз. Ол – кейіпкерін сынап-мінеуде тегіне үңілу, салыстыра сипаттау. «Әбілпейіз арғы атаң Алтын тұғыр сұңқар-ды» деп келетін тармақтардан Дулаттың айтар ойын аңдаймыз. «Жақсыдан жаман туғаның ба» деп ой салғысы, ойлантқысы келгендей. Бір кездегі берекенің енді қиюы қашуына себеп болдың дегенді тағы да «Алтын еді бір кезде Ағаш болды тұғырың» деп салыстырулар арқылы ұтымды жеткізеді. Бірақ сәл шегініс жасаған, райынан қайтқысы келгендей сезілгенмен, Барақтың бүгінгі елге жасап отырған озбырлығы есіне оралғанда, райынан тез қайтып, ащы тілмен шындықты түйдек-түйдек бетке айтады:

Құрық бердің ұрыға,
  Момынды алдың қырыңа.
  Малсыздарды таптадың,
  Малдыларды жақтадың,
  Тентекті жасқап қақпадың,
  Арамдарды ақтадың,
  Өсекшіні мақтадың,
  Арамдық болды баққаның,
  Майыр болды жаққаның.
  Қашан сенің ашылар
  Мұндарларға құрылған
  Қанды қара қақпаның?

Автор тура мінездеу арқылы кейіпкердің сатиралық бейнесін жарқыратып жайып салады. Туындының бұл жолдарында байқап отырсақ, ақын тұспалдауға, образ жасауға бармайды. Ащы шындық бетке шығады. Үсті-үстіне айтылған, бірін-бірі толықтыра және аша түскен шындық қуатты көркемдікке айналған. Сатиралық уыт шырқау биікке көтеріледі. Дулаттың бұл мінездеуі кейіпкерін жеке талқыға алып, барлық қиянатын-мінін бетіне шыжғыра басып айтып тұрғандай. «Таптадың», «жақтадың», «қақпадың», «мақтадың», «баққаның», «жаққаның» деп келетін тікелей тілдесу үлгісі, әні-міне дегенше, кейіпкердің жауап сөзімен толығып сала беретіндей көрінеді. Бірақ автор кейіпкерін сөйлетпейді. Абайдың қазақ сатирасына әкелген үлкен жаңалығы – жағымсыз кейіпкердің өзін сөйлетіп, тұла бойындағы барлық мінін өзіне әшкерелетуі еді. Дулат ондай үлгіге бармайды. Өз танымымен тергейді, үкімін айтады, сұраққа алады. Сатиралық поэзиядағы кейіпкерін әшкерелеудегі амал-тәсілдердің бірі – сұрақ. Ұтымды қойылған сұрақ сатира кейіпкерлерінің маңдайына тиген соққыдай болса,екіншіден, оқырманын ойлантып, образды аша түсудің жолы. Дулат сатирасында бұл тәсіл сәтімен қолданылады.

Жоғарыда үзінді ретінде келтірілген өлең жолдары шындыққа негізделген тура мағыналы сөздермен айтылды дегенмен Дулат ақындығының қуаты – өлеңнің әуезділігіне, дыбыс үйлесіміне еркше мән беруі дер едік. «Қ», «м» дыбыстарының қайталауына, үндестігіне құрылған аллитерация, «а» дыбысына негізделген ассонанс өлеңнің әуезділігіне, «тілге жеңіл» оқылуына ықпал жасаған.

Жалпы Дулат поэзиясының тілі көркем, образды болып келеді. «Бараққа» деген арнау өлеңінен ақынның осы ерекшелігі көрінеді. «Таңдыр болып суалды Шалқар көлдей несібем» деген өлең жолдарында ой-сезімді күшейту үшін антонимдік мағынадағы теңеу, «Тұлпардан туған тұқым ең, Ере алмадың жабыға» дегенде антонимдік мағынадағы метафора орнымен үйлесім тапқан. Сондай-ақ сатиралық туындыда құлаққа оншалықты жағымды тие бермейтін сөздер де ойды ұшқырлай түсу үшін әдейі қолданылатын кезі болады. «Шығарды елдің ұрлықпен Дығыры мен ығырын», «Рухына нәлет келдірдің, Қабың менен сабына» деп келетін сөздері сұлу поэзияның мүмкіндігі емес екені белгілі. Бірақ сатирада ойды нақтыландыра, ұшқырлай түсетін мұндай тосаң сөздерді әдейі пайдалану кейде сатираның әсерлілік күшін арттыра түседі. Арнау өлең «Ұрыңа елді тонатып, Бүлдіре бер тағы да!» деген ирониямен аяқталады. Ақын кейіпкерін мінездей, сынай отырып әшкереленгенмен, оның жақсылыққа қадам жасайтынына сенбейді. Сондықтан сынап-міней отырып кекетуді, мысқылдауды қару етеді.

«Кенесбайға» атты сатиралық арнау өлеңінде де «Бараққа» туындысындағы ерекшелік-сипаттар қайталанады. Ақынның арнауы жай арнау емес, кейіпкерін өзіне еріксіз қарата отырып, тыңдамасына қоймай, зілді сөз бастайды. «О, Кенесбай мырза, тыңда сөз!» деген басталуынан ақынның кейіпкер алдындағы келісімсіз-бітімсіздігі аңғарылады. «Бараққа» өлеңіне қарағанда мұнда Дулат сатира нысанына ілігіп отырған кейіпкерінің портреттік сипаттамасын аз-кем болсын беріп өтеді. "Бараққа" өлеңіндей мұнда кейіпкерді арғы ата-бабаларымен салыстыра қарау бар. Алғашқы туындыда арғы атасы Әбілпәйіз аталса, «Кеңесбайға» туындысының өзгешелігі – арға атасы Нарынбай, қу дауысты Құттыбай, Байқара атасы, өз әкесі Ақтайлақ айтылып, олардың елге жасаған жақсылығы еске алынады, кейіпкердің бүгінгі тірлігімен салыстырылып, жағымсыз көрінісі дамытыла суреттеледі. Бұл туындыда да сатираның мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылған. Сатылап салыстыра айтып келеді де, сатиралық туындының кульминациясында тура мінездеуге, айып-мінін бетіне шыжғырып басуға көтеріледі. Мұндай тұста Дулаттың аянары, тартынары жоқ. «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген дала заңын бетке ұстайды. Осы өлеңде айтылатындай «Тінейдің сары құсындай» кейіпкеріне шеңгелді аямай салады. Бұл сәтте ақын өз тарапынан тапқыр да дәл бейнелерді қолданса, енді бірде дайын үлгіні жандандыра қалауын табады

Ішің – аяз қырау,
  Сыртың – сұлу сарайсың.
  Ыдысысың параның
  Қотара құйса толмайтын.
  Ашылған әбден араның –
  Түйені жұтсаң түгімен,
  Биені жұтсаң бүгімен,
  Қақалмай-ақ толғайтын.

Кенесбайдың ашкөздігі, ынсапсыздығы мінездеу арқылы дәл көрінісін тапқан. Оның бейнесін ашуда автор ұтымды образға барады. «Кенесбай, азғын туғансың. Тістеуік айғыр секілді Үйіріңді сұйылтып, Тай-құнанды қуғансың. Ел білерлік ісің жоқ, Дегдар емес, будансың. Будан дейтін себебім: Айналаңды торисың, Түзден тоят тілемей, Өлексені қорисың» деп кейіпкерді үстемелете айтып, аллегориялық-сатиралық образын жасайды. Малмен күн көретін көшпенді ел ұғымына бұл бейнелер соншалықты етене жақын және айқын. Осы дәлдік Кеңесбайдың шын сипатын оқушысына жеткізеді.

«Ешенге» сатиралық арнау өлеңі ирониямен басталған. Кері сөйлеп кейіпкерін келемеждей таныстырады:

Ей, айтайын арнап Ешенге,
  Кетіп еді есем де.
  Айтатұғын жөнім бар,
  Ешенге не десем де.
  «Ұжмаққа тура бастайтын»
  «Ел серкесі көсемге».
  «Құтқаратын тозақтан»
  Шариғатқа шешенге,

- деп келетін кері сөйлеу де сатиралық кейіпкерді бейнелеудің амал-тәсілдерінің бірі. Ешен – ел билеген Барақ- Кеңесбай емес. «Ешен» - «қошқар, теке жинаған» жалған емші. Сонысымен байыған. Бірақ ынсап жоқ. Әлі де сол тірлігі – елді алдау. Дулат ақын сатира қарумен кейіпкерін мансұқтайды. Сынап-міней отырып мазақ етеді. Иронияны басты қаруына айналдырады. «Күйсеуіне болайын, Сен болсаң менің сенгенім», «Бала түгіл сымбал жоқ, Бедеуге бала бермек ең» деп келетін тармақтарда ирониялық сипат басым. Өлеңнің соңында дүмше Ешеңді өз қаруымен өзін қорқытады: «Өзіңде Ешен, иман жоқ, Елге иман бермексің. Қиямет-қайым болғанда, Әуелі өзің көрмексің» десе, енді бірде «Қалтырарсың, Ешенім, Қыл көпірден өте алмай. Жөніне кел, Ешенім, Тозаққа қарай бет алмай» дейді.

Дулат – сатирик ақын. Өлеңін әділетсіздікке, жағымпаздыққа қарсы қуатты қару ретінде пайдаланған. Сықақ туындының мінін, мүмкіндігін ұғынған. Біз шағын мақалада Дулат сатирасын түгел қарастырған жоқпыз. Дулат сатирасы – кең тақырып. Арнайы зерттеуді талап етеді. Оның сатирасында қолданған суреттеу амал-тәсілдері де әр алуан. Жағымсыз кейіпкерінің портретін сараң, кейде тіпті ашпағанмен, мінездеуді кең қолданады. Ақынның мінездеуі көзқарасымен шектесіп жатады. Суреттеу нысанына деген сатириктің ұстанымы айқын. Халықтың сөзін сөйлейді, пікірін, бағасын айтады.
\

  

Пайдаланылған әдебиет

  1. Дулат. Заман сазы (Өлеңдер мен дастандар). Құраст., баспаға әзірлеген Қ.Өмірәлиев. А., «Жазушы», 1991.
  2. Т.Қожакеев. Сатира негіздері (оқулық). А., «Санат», 1996
  3. Т.Кәкішев. Абайдың сатирасы. Кіт.: Абай тағылымы (Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер). А., «Жазушы», 1986
  4. Қ.Жұмалиев. «Кектеніп надан зұлымға..» Кіт.: Абай тағылымы (әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер). А., «Жазушы», 1986
  
Рахат Елубаева,
Иасауи атындағы ХҚТУ Тараз
институтының ізденушісі

Елубаева Р. Дулат ақын поэзиясы: сатиралық портретпен мінездеу // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2008. - № 10. – Б.111-118

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz