Тұнық жырдың тұмасы

  

Кеше Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Дулат Бабатайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған мерекелік шаралар басталды.
Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕДТІҢ жыр дүлдүлі, шамырқанған шымыр жырларымен елдік пен ерлікті асқақтатқан Дулат ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толғанысын назарға ұсынып отырмыз.

Өр Алтайға арқасын тіреп, сол қапталында қара Ертістен Қараталға дейінгі қырқалы-құйқалы өлкені ен жайлап, еркін өскен, оң қапталында Аягөзден бастау алып, Сарыарқаның құландар жортқан құба белін көктей өтіп, Сырдарияның саялы сағасына дейінгі сайын далада сайран салған, өңіржиекте «арғы шеті Аягөз, Лепсі, Үржар» сияқты «тоқсан сала қосылып, тоғыз өзен түйіскен» өзенді-өрнекті өлкеде тұлпар мініп, ту алған қалың нудың киесі, «бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын көзі бар» тұмадай тұнық жырдың киесі, «тастан шыққан бұлақтай, жайқалған жасыл құрақтай, толықсыған сынаптай» жойдалы сөздің жүйесі Дулат бабамыздың тойы да мәреге жетті.

Дулат арысы түгел сөздің түбі бір - түп атасы Майқы биден тартатын, ортада Орманбет заманының ордалы билері Асан қайғы мен Сыпыра жыраудан салатын, бергісі - Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқарлармен тұйықталатын төбе билер мен жойқын жыраулардың соңы. Ол өзі жырлаған: «Еркін өскен қайран ел, дәулетің бейне шалқар көл, айдының бейне асқар бел, Тауыңа малын аунаған, дәулетің өсіп қаулаған, тел емес малды саумаған. Тай туып, тайлақ қайыған, тоқты қоздап байыған, малың қысыр қалмаған, қулығың құлын салмаған» қазақ хандығының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған аңызға айналған заманының азып-тозып: «Күнбатысқа көз салмай, күншығысты еске алмай, бізді алатын жау жоқ деп, бізден мықты дәу жоқ деп... болашақты болжамай, жол сауданы олжалай, ақбөкендей алданып, жылқыдай делбе сандалып, ортасына кәпірдің, аңдамай келіп түскеніне» дейінгі аралықтағы аласапыран заманның бар қитұрқысын бастан кешірген, көзбен көріп, шермен жуған қазақ қоғамының поэтикалық шежіресі.

Осы орайда Дулат заманының, жалпы ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамының кескін-келбетін өзгерткен төрт факторға тоқтала кеткен жөн деймін.

Ақын жиырмаға енді толғанда 1822 жылы ормандай көп Орта жүздегі хандық биліктің биік бәйтерегінің тамырына балта шапқан Сперанскийдің «Сібір қырғыздары туралы» әйгілі жарғысы шықты. Мұның алдындағы бес жыл ішінде ұлы хандардың сарқыты Кіші жүзде Бөкей, Орта жүзде Уәли дүние салып, қазақ қоғамы дағдарысқа душар болған еді. Патша отаршылары қазақ даласын Батыс Сібір генерал-губернаторлығы құрамындағы округ, болыс, ауылдарға жіктеп-жіліктеп, ондағы жан басы, шаңырақ санына дейін тізімдеп, ауылға - старшын, болысқа - болыс басқарушысы, округке - аға сұлтандарды қойды. Хан билігі жойылып, есесіне «аға сұлтандар» қаптады. Азғана уақыт ішінде 7 округ ашылды. Аягөз (Сергиополь) округі құрылған 1831 жылы Дулат орда бұзар отызға таяған, от ауыз, орақ тілді ақын ретінде танылып үлгерген еді. Сол заманның келбетін ақын:
  Батыстан патша түнегі,
  Жеріне келіп түнеді.
  Жоныңнан таспа тіледі,
  Ішіне әбден кіреді.
  Хан тағынан төңкерді,
  Қасиетті ханыңды.
  Қараша күңге теңелді,
  Орда шырқы қағылды.
  ...Дуан салып ішінен,
  Айрылып қуат-күшінен.
  Ақ патша десе үрпиіп,
  Оянып шошып түсінен
  Аға, сұлтан, қазының,

Ел сілкінді ісінен, - деп асқан дәлдікпен суреттейді.

Дулат заманының екінші келбеті - әскери отарлаудың орасан зор озбырлықпен жүргізілуі еді. Қазақстанның өзге аймағын айтпағанда, Дулаттың аты жетер жерде Ертіс, Бұқтырма әскери шептері, Ямышевск, Семей, Өскемен бекіністері, Коряковск, Убинск форпостары салынып, 1846 жылы Аягөз, ал 1847 жылы қалың нудың талмау тұсы Қапалда жаңа приказдар қоныс тепті. Осылайша бас аяғы жарты ғасыр ішінде көшпенділердің көк түрік дәуірінен жеткен құдіретті рухын тұқыртып, жігерін жасыту мақсатында Ресейдей алып империяның құрамында жасақталған 11 казак әскери құрамасының бесеуі қазақ жеріне орын тепті. Осы 11 құрамадағы жалпы саны 1миллионнан асатын мұздай қаруланған казактар 5 миллионнан астам қазақтардан азаттық жолындағы әрбір күресін аяусыз басып-жаншып отырды. Бұлар да қырғи тілді, қыран үнді ақын назарынан тыс қалған жоқ.
  Жағаңа дуан түскен соң,
  Суыңды орыс ішкен соң,
  Жеріңнің алды шұрайын.
  Дуан салып жайланып,
  Датыңды айтсаң майырға,
  Сібірге кеттің айдалып.
  ...Орыстың заңын қуаттап,
  Жол ашып еді суаттап,
  Баладай алдап уатпақ.
  ...Ел тандыры құрыды,
  Орыстың түсіп құрығы,
  Серпілуге шама жоқ

Дәнең кетті қайран ел, - деп дәуірдің ащы да ақиқат шындығын дөп басып атады.

Хандық билікті жойып, миллионнан астам шаш ал десең бас алуға әзір баскесер казактарын қазақ даласына қоныстандырып үлгерген орыс отаршылдары енді отарлаудың үшінші кезеңіне - қазақ жерін сұраусыз-сотсыз тартып алуға көшті. Бұған қазақ жерінің әр тұсында болған Саржан сұлтан, Исатай-Махамбет, Кенесары хан бастаған халық азаттығы жолындағы күрескер отаршылдық өртін тоқтата алмады. 1844 жылы Сперанский ережесі жаңартылса, 1867 жылы ІІ Александр патша «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесін» бекітті. Осылайша 1866 жылы Аягөз жаңадан құрылған Жетісу облысының қарамағына берілді. Бұл кезеңнің шындығы да Дулат ақынның шамырқанған шымыр жырларынан көрініс тапты.
  Жау қарасы көрінді,
  Қабыңдап басты жеріңді,
  Кетпенсіз-ақ қалдырды
  Өзіне өзі көрінді.
  ...Хан сарқыты - Кене хан,
  Қан жорық болып қаңғырды.
  Елің қалды қамауда,
  Елін қалса қамауда
  Малың кетер талауда
  Басың түсер санауға.
  ...Батырдың туы жығылды.
  Ел шұңқырға тығылды.

Осылайша елі қамауда, малы талауға түскен екіталай заманда Дулат кешегі «босағасын борлатқан, керегесін торлатқан, тегеріші манаттан, жібектен ызып бау таққан» ақ ордалы заманды аңсайды. Халықты сілкінуге, серпілуге шақырады, ел жігерін қайрайды.
  Батыр деме батырды,
  Шеп құрып жауға шаппаса,
  Төре деме төрені,
  Ел тілегін таппаса.
  ...Батырлықтың сәні жоқ -
  Түн ұйқысын төрт бөліп,
  Елерген тұлпар ерттеліп,
  Толғаулы найза қолға алып,
  Тұйғын құстай қомданып,
  Сары садақ асынып,
  Егескен жауды қашырып,
  Елін қорып жауынан
  Ереулеген егер дауынан

Тұтамдап оқ жонбаса, - деген жолдар біреулер айтып жүргендей зарлаудан да, сарнаудан да емес, қайраудан туған құдіретті жырдың хас үлгісі.

Дулат есімі қанша құрсауы мықты, күрмеуі күшті болса да Кеңес заманында атаусыз қалды десек ақиқатқа қиянат болар еді. Оның шығармашылық өнері Мұхтар Әуезовтың мәңгі өлмес туындысы «Абай жолынан» бастап, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Қ.Өмірәлиев, М.Мырзахметов, М.Мағауин, т.б. ғалымдар творчествосынан арнайы көрініс тапты. «Абай» романының 1942 жылы жарық көрген бірінші басылымында кейін аты Барлас болып өзгертілген ақынның Дулат болғандығын көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаған шығар. Сондықтан Дулат шығармашылығына арналған ғылыми еңбектерді түгел тізбелемей-ақ ұлы Мұхаңның сүйікті шәкірті, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, азаматқа бергісіз апамыз Рабиға Сыздықованың: «Дулат - Абайдың алдында өткен қазақ сөз зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Ол мәдени-рухани дүниеміздің өз орнын, үлкен орнын алуға тиіс ақын», - деген бағасына көзімді жұмып қосыламын.

Бүгінгі мерейтой тәуелсіз Қазақстан жағдайында Дулаттың қайта туған, бар бойы-болмысы, ақындық алып тұлғасымен халқымен қайта туған, ақындық алып тұлғасымен халқымен қайта қауышқан күні. Әлі-ақ Дулаттың сан қырлы, алуан тоғысты бай шығармашылық мұрасы философ, социолог, заң, педагог, психолог, тарихшы, әдебиетші, тілші ғалымдарымыз тарапынан жан-жақты зерттеліп, зерделенуіне, оның жыр-кестеге түсірген қайталанбас өлең-өрнегінің әр айшығы айқындалып, түс-таңбасы талданатынына еш күмән жоқ.

Құл-Мұхаммед М. Тұнық жырдың тұмасы: Мирас // Егемен Қазақстан. – 2003. – 6 қырқүйек. – Б. 1.

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz