Үңілсең көзің жетер ме,теңізден терең сыры бар...

Уақыттан асқан әділ сыншы жоқ. Сынына толмаған кісіні, талаптарына жауап бермеген нәрсені оның асыл қазынасы қабыл болмайды. Ол өз сынынан өткен құбылыстың жарығын азайтпай, жарқылын әлсіретпей, табиғи қалпында сақтайды. Бүгін, Дулат Бабатайұлының дүниеге келгеніне 200 жыл өткеннен кейін де, ақынның өмірі мен өнерінен өнеге табуымыз уақыттың осы әділдігінің белгісі. 200 жылдық тарих тереңінен ақынның өзі де барынша дараланып, алып тұлғасы Алатаудың ақ қар басқан асқар шыңындай алыстан мұңартады.

Ақын өз азаматтығы деңгейінде заманының құт-берекесінен рақат тауып, зарынан зардап шекті, жоғын жоқтап, мұнын мұңдады. Қоғам келбетіндегі әр өзгерістен, ондағы жарықтан да, көлеңкеден де көл-көсір сыр ұқты. Әлеумет бетінен ескен ызғар мен жылы лепті бірде жат көрсе, бірде жақын сезініп, олардан тиісті тағылым табуға, заман түсінен осындай сыр ұғып, осындай сабақ алуға ойы оралымды, ақылы алымды адамның ғана мүмкіндігі болады. Әрине, қоғамның кемістігін көріп, кетілу деген жарық дүниені мансұқ ету, бәрін жоққа шығарып, өз гөй-гөйімен өзі болу деген ұғымды білдірмесе керек. Ата жолына, өсер өркен тілегіне адал әрі солардың жалғастығы үшін өзін жауапты деп білетін азамат ақын өз ортасының кемістігін көргеннен көңілі орта түсіп, қанша кетілгенмен, ақылдан азап шекпейді, тауы шағылмайды, тауаны қайтпайды. Керісінше, өзі өмір сүріп отырған қоғамның жетілуін, елдің егемендік алып, халықтың бақуат, бақытты өмірге жетуін көздейді, ақылы мен ойын, сөзі мен жырын отанының тәуелсіз, еркін, баянды болашағы үшін жұмсайды. Осы мұрат жолында Дулат ақын жоқтан бар жасамаса да, жақсылықтан күдер үзбейді. Тілазар жандай үйде бір, түзде екі тіл безеп, көр-жерді, шөп пен шөңгені өлең қылмай, ел игілігі, ел өркенінің өсуі жолында еңбек етті. Аққан жасы сел болған, етегі толып көл болған, көкіректегі шері беріш болып байланған, ұйқысы қашып, қайғы басқан қайғылыны жұбатып, соның ойына сана ұялатып, соның бофына қуат құйды. Қайырсыз сараң бай, еріншек есер жарлы, парақор баспақ би, ел бүлдіргіш бек – ақынның сыншыл талғамы, шыншыл талабы бұларға да әділ баға берді. Ақын тағдырының терең тағылымы, шымырлап қайнаған құрыштай асыл шындығы осындай болып келеді. Бұл шындық ақынның ақыл-ойында ғана пісіп-жетілмей, жаны мен жүрегінде қайнап-қорыды, ақырында құрамында бөтен қоспасы жоқ, жақұт тастай жарығы тұнық, жарқылы таза сөзге, көңілді шайқап, жанарды жасқайтын жырға айналды.

Қу тамақ үшін елден безіп, жер кезіп өткендер, жерден безіп, ел кезіп кеткендер әр заманда болған. Ондай жандар туған жер үшін емес, тойған жер үшін өмір сүрген. Туған жерден кетіп, тойған жерде қалу, сүйегін саудыратып жат жерге, жат топыраққа беру атамекеннен безумен, отанын жоғалтумен пара-пар. Ал отанын тастаған кісіде кісілік қалмайды, ондай жандардың жанына да, иманына да үлкен сын бар, өзгенің өзегіне, өзегіндей жеріне қол салатын – солар. Дулат Бабатайұлының бірқатар жырлары өз жерін, атамекенін місе тұтпай, қазақ жерін күшпен не айламен алған жат жұрттың зорлығына қарсы айтылады. Басқыншы жұрттың зорлығына, қысымына ұшыраған халықтың қилы тағдыры суреттеледі.


Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда,
Күзді күнгі нөсердей
Көзінің жасы жауғанда,
Ақтабан боп шұбырып,
Асып асқар таулардан,
Алқакөлді айналып,
Ақ қайыңды сауғанда...

– деп басталатын дастанда ел басына түскен ауыртпалық, оңай олжа, тегін байлық іздеген жат жерлік келімсектердің зорлығы мен зомбылығы тарихи шындық оқиғалар негізінде бейнеленеді. Жау алған елдің Аталықтай ақсақалы Алласына сыйынып, адал тілегі қиылып, сәждада жатып зарланса, күндіз күлкі көрмеген, түнде ұйқы көрмеген Аналықтай бәйбіше көзінен қанды жасын ағызады.

Ақын ата мен ананың өмірін өксітіп айтқан зарына, көзін бұлап, омырауын жауып аққан жасына себеп болған қайғылы жай, қасіретті ахуалды елді жау алуымен байланысты түсіндіреді. «Жау алды», «Жау шапты» деген сөздердің мазмұнында ердің қабырғасын біртіндеп сөккендей айтып жеткізгісіз ауыртпалық бар. Ұйқысы түссіз қанбаған, елі қалып, ері таңдаған, берген серттен таңбаған ару жарды жау алса, тең арқаны қиылып, артқан жүгі үйіліп, өрде шөгіп нар қалса, ер басына күн туды деген сол, жау алды, жау шапты деген осы. Ақын шағын дастан көлемінде осындай ғасырдың өзі белі қайысып көтергендей ауыр шындықты суреттейді.

Ақынның «Ақтан жас», «Еспембет» секілді поэмаларында ел тәуелсіздігі тақырыбы басқа биіктен игеріледі. Оларда елдің сүттей ұйыған тыныштығын, ынтымағы мен бірлігін қорғаған және қорғайтын батырлардың ерлігі ардақталады.

«Еспембет» поэмасының жалпы көлемі – 500 жолдан астам. Оның сюжеттік желілері де неше тарам болып таралады. Поэманың бас кейіпкері Еспембет – Абылайдың атақты батырларының бірі, тарихи тұлға. Тарихи жырлар мен аңыздарда, басқа дерек көздерінде Еспембеттің ерлік істері туралы бірқатар мәліметтер бар. Ақын Еспембет өмірінің басты кезеңдерін өз тұсында жұрт жадында, ел есінде сақталған аңыздар, әңгімелер негізінде көркем жинақтайды. Онда Қабанбай, Ақтамберді секілді батырлардың ерліктері де сипатталады. Бұл тұрғыдан келгенде, ақын жоңғар шапқыншылығын тарихи тұрғыдан шынайы, көркемдік жағынан бейнелі суреттейді. Сонымен қатар поэма белгілі бір дәуір, кезең шындығы, тарихта болған батырлардың өмірі туралы дерек көзі қызметін де атқара алады. Ақын шығармасының бұл секілді тарихи, әдеби және эстетикалық маңызы бүгінгі күн үшін де бағалы.

Ақынның бір топ шығармалары қазақ даласында жоңғар шапқыншылығы тойтарылып, Ресей билігі орнай бастаған дәуірдің шындығына негізделеді. Ел билеу, жер билеу тәртібі өзгеріп, ата дәстүр бұзылған сеңдей сөгілген тұста, ақынның сарыны да өзгереді.

Қилы – қилы заманды,
Заманға сай адамды,
Салғастырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай
Шыр көбелек айналам ...

– деп, өз тұсындағы адам мен заман туралы терең ой толғайды, өзінің ішкі күйін де күйіне отырып жеткізеді. Заманның сырын ұғу, сонымен бірге адамның құлқын тану ақын шығармашылығында сыншылдық сарынның орын алуына алып келді. Соның нәтижесінде оның эстетикалық нысанасы мен көркемдік тұрғысы жаңа сатыға көтеріліп, кемелдене түсті. Ендігі тұста ақын ойын бөліп, сезімін тербеген шындық құбылыстарды сол кемел тартқан эстетикалық нысанасы мен көркемдік тұрғысы биігінен пайымдап, терең толғау-толғанысқа барады. Майырдан бұйрық алса, құйрығын борбайға қысып жортып жүрген ел пысығы, суы ішуге келмейтін сортаң жерге тұрған қақ пен қолынаң қайыр бермейтін бек, сараң байға қонған бақ, елді судай сапырған, белшесінен сорға батырған, толыны төгіп шайқаған ылаңға берілген тізгін... ақынның санасын сарылтып, ойын ойсыратады. Санасын ақындық ой да бұлттан шыққан күндей жарқырайды.

Хас жаманның мінезі
Жиылып келген жынмен тең...
Қаптаған боран ашылса,
Жадыраған жазбен тең.
Халайықтар, жараңдар,
Халқың менен тату жүр:
Өтетұғын сұм дүние
Қаңқылдап ұшқан қазбен тең,

- секілді дәстүрлі дүниетаным аясында тиянақталған ойдан даналық самалы ескендей болуының сырында осындай мән бар.

Хас жаманның мінезі, жиылып келген жын, қаптаған боран, жадыраған жаз – түрлі деңгейдегі түрлі ұғымдар. Олардың арасында өзара үндесетін де, үйлесетін де ыңғайлас белгілер жоқ. Соған қарамастан ақын осы ұғымдарды жинақтай келіп, қиыннан қиыстырады, сөйтіп біртұтас көркемдік жүйе түзеді. Сол жүйенің асыл арқауындай арасы алшақ екі түрлі ұғым негізінде терең философиялық ой түйеді. Айтысып-тартысуға, араздасып-ұстасуға жұмсайтындай таусылмас өмір жоқ, дүние-жалған, төбеңнен қаңқылдап ұшқан қаздай бір күні басыңнан өте шығады, сондықтан ел-жұртыңмен тату бол деген ойды әркім де айтуы мүмкін. Бұл ойдан да көзі ашық, көңілі ояу жан үлкен ғибрат алады. Әйтсе де ақынның сөзінде осы ой, осы ғибрат ақыл түрінде ғана емес, көркемдік кестесі келісті эстетикалық идея, философиялық таным дейгейінде пайымдалғанда, сөз де, сөздегі ой да алтыннан ардақты, күмістен салмақты сапа тауып, сара қалыпқа түседі. Ақын сөзінің поэтикалық қуаты осында.

Ақынның тіл өнері туралы қағидалары, ақындық туралы ойлары салмақты. Өзегін өртеп, жүрегін жандырып туған жырлары туралы ақынның өз көзқарастарында эстетикалық үлкен қуат бар.
    Шашудай болып шашылар
    Меруерттей асыл сөз деген...
    немесе:
    Жырымды менің сұрасаң,
    Сары алтынның буынан... – дегенді ақын мақтан үшін ұсынбайды, сөздің де, өзінің де қадірін жете біліп, арғы мен бергіні сара таныммен пайымдай алғандықтан айтады. Бұл жерде ақынның сөз өнеріне, жыр жүйесіне қоятын жоғары талабы мен биік талғамы көрініс береді.
    Сөз – жібек жіп,
    Жыр – кесте.
    Айшығы айқын көрінбес,
    Өрнексіз тігіп баттасса...
    немесе:
    Қамқа бірдей бола ма
    Қалылы мата бөзбенен?
    Қосылып алтын қорымас
    Мырыш пен мыс, жезбенен... –
    деп жырлап отырғанда, ақын сөз өнеріне қояр талабын мазмұн мен түрдің жарасқан келісімі, бірлігі мен тұтастығы деңгейінде анықтап, өзінің көркемдік-эстетикалық тұрғысын жеткілікті түрде негіздейді.
     Ақын өз өнерінің өнегесі, мәні туралы да терең пікір түйеді.
     Менің айтқан бұл сөзім
     Саналы болса ой көзін,
     Өлең емес, жыр емес,
     Құнсыз сөздің бірі емес
     Басыңа түссе білерсің... –
    секілді ой тереңінде екінің бірі дөп басып тани бермейтін мағына бар. Бұл сөздердің негізінде өмірде болған, нақты шындық құбылыстар жатыр. Олардың мәнісін түсіну үшін басқалар да сол шындық құбылыстарды бастан кешіруі міндетті емес. Бірақ басқаларда соны ұға алар, тани білер өмірлік тәжірибе мен таным, пайым мен парасат болуы шарт.
     Бұзауы өлген сиырдай
     Мөңіреп жұртқа қайтқан ой...-
    немесе:
     Саудагер сарттай қатты өмір
     Құмар ойнап ұтылған... –
    секілді суретті сөздердің жалпы мағынасын түсіну қиын болмағанмен, олардың мәнін өмірлік тәжірибе мен таным негізінде пайымдап қана ұғуға болады. Ал өмірде өзі ойланып, өзгеге ой салып көрмеген жан үшін мұны түсіне қою оңай емес.
     Үңілсең көзің жетер ме,
     Теңізден терең сырыма? –

деген сұраулы толғаныстағы терең сыр, жұмбақ күй осындай пікір түюге алып келеді.

Ақынның ойы – тұнық, сөзі асыл. Айтар ойын тұндырып, сөйлер сөзін саралап, асылдан талғау оңай емес. Ойда тереңдік болғанда ғана оның тұнығына бойлап толғануға болады. Сөздің асылын саралап, салтанатын асырған сәулеттісін тани алғанда ғана оны дұрыс талғауға болады. Осындай жағдайда ғана тұнық ой айтып, асыл сөз толғау мүмкін. Бұл оңай іс емес. Асылы, тереңге бойлау үшін бой керек екені рас. Ойдың тереңіне бойлау үшін де кісіге едәуір биіктік қажет, бірақ бұл биіктің жөні бөлек, мәні басқа. Ол – бойдың емес, ғасырдан ғасырға асқан таным мен талғамның биіктігі. Сөздің асылын тану үшін кісіде құлақ қана емес, көз де болуы шарт. Қабақтың астында танадай жарқырап тұрған көз емес, көңілдің төрінде күндей жанып тұрған көз, парасат пен пайым көзі керек. Біздің білуімізше, Дулат Бабатайұлы шығармаларындағы ойдың тұнық ажары таным мен талғамның осындай биігінен басталады. Ақын сөзінің асыл жарқылы парасат пен пайымның осындай көзінен таралады. Мұндай асқар биіктен басталып, мұндай жарық көзден таралған жыр келер ұрпақ, өсер өркен үшін де ардақты һәм аяулы болып қала бермек.
     Алла рахым етсін Дулат Бабатайұлына.
  

Жаңғара Дәдебаев,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, халықаралық жоғары мектеп
ғалым академиясының академигі
Алматы қаласы

Дәдебаев Ж.Үңілсең көзің жетер ме, теңізден терең сыры бар...:Абайға дейінгі ақындар// Абай. – 2005. - № 1. – Б.77-80

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz