Дулат шығармаларындағы дін мәселесі

  Дулат Бабатайұлының дінге, оқу-білімге, жаңа заман өзгерістері мен отаршылдар тудырған әлеуметтік таптарды сынауға бағытталған өлеңдерінің бәрінде де ұлттық мүдде басты кезекте тұрады.

Солардың бірі – ақынның дінге қатысты өлеңдері. Мұны айтпас бұрын, ислам дінінің ұлтымызға ену тарихына шолу жасайық. Қазаққа мұсылмандық екі жолмен келген. Бірі – Бұқара, Самарқанд, Түркістаннан қазақтың Тәңірілік дүниетанымына рухани жағынан үндес келетін исламның сопылық бағыты. Екінші – татар молдалары арқылы келген, бастау көзін Ахмед ибн-Ханбал ашқан тахлиди иман, яки қадымдық (шариғат заңдарын мүлтіксіз орындау, құранды араб тілінде оқу, дінді заманға бейімдеп қолданбау, т.б.) бағыты.

Осылардың ішінде сөз өнерін қастерлеген халықтың санасына терең әсер беріп, қазақ дүниетанымына сіңісіп кеткені – исламның сопылық бағыты болды. Өйткені, сопылар адамды рухани тазалыққа, өмірге ақылмен, таныммен қарауға, ал Аллаға сеніммен, сезіммен, махаббатпен берілуге шақырған. Тәңірілік түйсікте табиғатты, рухани тазалықты пір тұтып, «дүние жалған» деп, оның алдамшы қызығынан адамның жан-дүние пәктігін жоғары бағалайтын сахара перзенті мұндай ұғымды жатырқамады. Сөйтіп, сопылық діни терминдер қазақ тілінің тілдік қорында, оның поэзиясында ұлттық дүниетаным көрінісіне айналды. Сондықтан да қанағат, махаббат, нәпсі, тәубә, күнә, жан, тән, залым, надан, замана, мейір, шапағат сияқты сопылық әдебиеттерден енген мыңдаған сөздер қазақ тілін ғана емес, ұлттық дүниетанымын да тереңдетіп, байытқан ұғымдарға айналған. Суфизмді былай қойып, исламның («ислам» деген діннің атауының өзін отаршылдар көптеген әдебиеттерде сауатсыздықпен "магометанство" деп пайғамбар есімімен шатастырып жазған) тарихынан махұрым отаршыл орыс империясы ислам дінін ұстанатын халықтың сенімін жақтаған болып, өздеріне жергілікті жұрттан ниеттестер іздеді. Сөйтіп, негізгі мақсаттары ұлттық тілді шұбарлап, халықтың көшпелі тұрмыс салтын, ұлттық психологиясын жойып, дін арқылы жұрттың дәстүрлі шаруашылық қалпын бұзып, отырықшылық тұрмысқа көшіру мен еркіндік сүйгіш жауынгер елдің өр рухын өшіру үшін 1781 жылдан бастап ислам дінін қолдап мешіт, медресе салдыруды қолға алды. Мысалы, ІІ Екатерина 1787 жылы осы мақсатқа 20 000 сом қаржы бөлдірген. Оған қосымша 1779 жылдан бастап Петербургте ислам дініне қатысты кітаптарды шығаратын баспахана ашылып, онда сол жылы 3 600 дана діни кітаптар басылып шығарылды. Ал, 1853-59 жылдар аралығында Қазанда 326 000 дана ислам әдебиеті, оның ішінде 82 000 дана құран басылды. Мұнымен қоса орыс империясының бодандығына түскен қазақ жерінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ балаларын оқыту құран сүрелерін ұғынбай жаттап алу басты жетістік саналатын мектептерде жүргізілген болатын. Бұл жайлы «Қазақстан тарихы (очерктер)» кітабында былай деп жазылған: «Қазақстандағы халық ағарту ісі екі бағытта: діни және жай азаматтық бағытта дамыды. Діни бағыттағылары балалар ата-аналарының қаражатымен ұсталған мектептер мен медреселер болды. Олардағы оқу араб алфавиті бойынша жүрді. ХІХ ғасырдың өзінде Ш.Уәлиханов негізінен алғанда татар молдалары ұстаздық еткен ауыл мектептерінің ауыр жағдайы туралы ашына жазды: «Таңқаларлық бірбеткейлік, өлі схоластика және бірде-бір нақты ой-пікірге құралмаған оқу», - деп бағалады ол мұны».

Өз кезінде осы айтылған ислам дінінің екі таралу көзі мен олардың мәнін екшеп білген, мұсылманша хат таныған, арабша, түрікше сауатты, түрік әдебиетінің орта ғасырдағы жазба көзі Ж.Баласағұн, А.Иассауи, С.Бақырғани, т.б. әдеби еңбектерімен таныс болған Дулат Бабатайұлының діни тақырыпқа қатысты өлеңдері мен өлең шумақтарынан оның суфизмді қаншалықты құрмет тұтып, қадымдық бағытқа неліктен қарсы болғанын бірден аңғаруға болады.Бұған ақын өлеңдерінен бірнеше мысал келтірейік:

Өсекші – тәңірі дұшпаны,
   Күнәмді қалай ақтадым?!
   Аз нәрсеге ант ішіп,
   Аруақты аттадым.
  
   Адал сопы мен емес
   Пірдің сөзін тұтынған.
   Саудегер сарттай қайтты өмір
   Құмар ойнап ұтылған.
  
   Мөңіреп жұртқа ой қайтты
   Бұзауы өлген сиырдай.
   Ләпсі – төбет қабаған:
   Жемтік көрсе, тұра ма
   Ырылдап, танау жиырмай?!

Ақын шығармаларынан алынған осы үзінділердегі ой ағымы исламның сопылық бағытындағы пенде бойындағы күнә, кемшіліктер мен олардан арылу сатыларын ақынның өз замандастарына тәрбиенің рухани құралы ретінде поэтикалық өрнекпен алға тартқанын анық байқатады. Өйткені, суфизмде күнәнің 4 түрі бар. Олар: нәпсі, атеизм (құдайға қарсы шығу), тағылық инстинкт (еңбексіз табыс табуға құмарлық, отарлық ашкөздік), адамға деген махаббат (адамды Алладан жоғары қою). Отаршылдар пендеге тән осындай күнәларды қасақана отарлық саясатқа орайластыра қоздыруға күш салды. Бұлардан сананы тазартудың жолы суфистік бағыттағы шариғат, тариқат және хақиқат деп аталатын сатылар. Оларда халықтың моральдық сана көрсеткішіне айналған мынадай ұғымдар қалыптасқан: Тәуба – өз кінәсін мойындау; сақтық (вара) – халал мен харам арасын ажырата білу; тартыну (зухд) – нәпсіден бой тарту; қайыршылық (пақыр) – Алла алдындағы кедейлік; сабыр – Алла ісіне бас ию; тәуекел (таваккул) – Алла берген қуатқа арқа сүйеп, қиындыққа қарсы күресу; құлшылық (рида) – Аллаға деген махаббат; т.б. Міне, осындай исламның суфистік бағытындағы гуманистік ой-пікірлерді ақын халықтың ұлттық дүниетанымымен бірлікте ала отырып, отарлық езгі саясатына қарсы рухани күрес құралына айналдырған. Мұны абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абайдың суфизмге қатысы жайында бірер сөз» атты ғылыми мақаласында былай тұжырымдаған: «Абай өзінің бірінші қара сөзінде ендігі өмірін не қаракетпен өткізбегі жайында пікір қозғағанда: «Софылық қылып, дін бағу. Жоқ, ол болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілінде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?» - деп дін бағудан бұрын сопылық қылуды алға қоя сөйлейтіні бар.

Бұл жай айтыла салған пікір емес, оның астарында терең мәнді мағынасы бар сөз. Өйткені, бүкіл түркі халқының бәріне ортақ ойшыл ақыны, яғни Түркістанның пірі атанған Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикметінде» баяндалған софылық дүниетанымның далалықтар арасында басымырақ таралғанын ескермесе болмайды. Иассауиді зор мақтаныш сезіммен «Әзірет қонған Қаратау, Аса алмаған онан жау»- деп мадақтай көтерген сұңғыла ойшыл Дулат ақын пікірі жай айтылмаса керек-ті». Дулат ақын:

Ақылы жоқ молдалар
   Иман алмақ тиынға.
   Оңайлықпен келмейді,
   Иман деген қиын да,

- деген сөзінде қадымшыл молдалардың дінді мал табудың көзіне айналдырған пайдакүнем дүниеқоңыздықтарын сынаумен ғана шектелмей, ел ішінде санаға сіңіп, қалыптасқан «иман» ұғымын терең тануға меңзеген. Оның мәнісі ислам дінінде иман екі түрлі: бірі – тахлиди иман – бұл соқыр сенімнен туады, ешбір ғылыми тиянағы жоқ, ақиретке иман болып та жарытпайды. Сондықтан мұны отаршылдар жан-жақты қолдаған. Екіншісі – якини иман – бұл зор ғылым, біліммен келетін, Алласын анық таныған мұсылмандарда болатын сауабы зор иман. Сол себепті «үңілсең көзің жетер ме, теңізден терең сырыма?» - деп ақынның өзі айтқандай, дулат ақынды барлық дін өкілдерін жаппай сынап, дінді терең танып, білмей-ақ еш талғаусыз отаршылдар әрекетіне қарсы қолданады деп ұғыну ағаттық болады.

Марат Бекбосынов,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
«Мәңгілік ел және өзін-өзі тану»
Кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

Бекбосынов М. Дулат шығармаларындағы дін мәселесі // Мәдениет. – 2015. - № 3(103) наурыз. – Б.56-57

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz

Web-сайт:www.semeylib.kz